Сенатор Талғат Жүнісов Бурабай және Бұланды аудандарындағы әлеуметтік маңызды жобалармен танысты

Сенатор Талғат Жүнісов Бурабай және Бұланды аудандарындағы әлеуметтік маңызды жобалармен танысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов жұмыс сапары аясында Ақмола облысына келіп, облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевпен бірге Бурабай және Бұланды аудандарын аралады. Сапардың мақсаты — әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, білім беру, мәдениет және коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту жұмыстарын бағалау болды.

Бурабай ауданында аудан әкімі Арай Садықов өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды таныстырды. Атап айтқанда, Кенесары ауылында 120 орындық клуб пен Катаркөл ауылында 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысы, «Звёздный» балалар лагерін жаңғырту, сондай-ақ Жасыл мен Шиелі елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар делегация Щучинск қаласындағы Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің жұмысымен танысып, оқу базасын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Бұланды ауданында сенатор бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Атап айтқанда, Вознесенка ауылындағы жаңа көпір мен болашақ Мәдениет үйінің құрылыс алаңы, Қараөзек ауылына кіреберіс жолдың жөндеу жұмыстары және Мәдениет үйін қайта жаңарту барысы қаралды. Сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі күрделі жөндеу жұмыстарына назар аударылды. Олардың қатарында Б. Шолақ атындағы мектеп-лицейі мен Макинск қаласындағы №1 орта мектеп бар.

Аудан басшыларымен, жергілікті қауымдастық өкілдерімен және мердігер ұйымдармен кездесулер барысында өңірдің әлеуметтік дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және білім беру саласындағы қызмет сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Сенатор Талғат Жүнісов аудандардың даму қарқынына оң баға беріп, инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыруда кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Ол азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған келешегі бар жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді дер кезінде және тиімді шешу үшін барлық деңгейдегі билік органдарының үйлесімді жұмысы қажеттігін ерекше атап өтті.