Облыс орталығында санитарлық ахуалды жақсарту, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңес барысында Көкшетау қаласының әкімі Ануар Күмпекеев баяндады.
Қала әкімінің айтуынша, басты назар қаладағы орталық көшелерді, халық көп жиналатын орындарды, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың айналасын жақсартуға аударылып отыр.
«Ауқымды жобалардың қатарында – Копа көлінің жағалауын абаттандыру бастамасы бар. «Қазцинк» АҚ қолдауымен жүзеге асырылған бірінші кезең Қан орталығынан бастап Кенесары көшесіне дейінгі аумақты қамтиды. Қазіргі кезде екінші кезеңнің жобалық-сметалық құжаттамасы түзетіліп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң жағалау ескі әуежайға дейін ұзартылады», – деді Көкшетау қаласының әкімі.
Инфрақұрылымды дамыту аясында ұзындығы шамамен 12 шақырым вело және жаяу жүгіру жолақтары салынды. Халықтың ұсынысымен жүзеге асатын бюджет есебінен биыл үш футбол алаңы пайдалануға берілді, тағы үшеуінің құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар 24 заманауи балалар ойын алаңын орнату көзделген.
Қаладағы көше жарығын жаңғырту маңызды бағыттың бірі саналады. Бүгінде 350-ге жуық жарық шамы ауыстырылып, 35-тен астам көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді, қосымша 2600 шам сатып алынды. Жыл соңына дейін көпқабатты үйлердің аулаларында биіктігі 10 метрлік жарық тіректерін орнату жоспарланып отыр.
«Көк Шалғын» жобасы іске қосылды. Ол Мәңгілік алау саябағын, Даңқ аллеясын, Тәуелсіздік алаңын және Сағдиев көшесін біріктіреді. Көгалдандырылатын жалпы аумақ 43 мың шаршы метрден асады.
Көше-жол желісін жөндеу 20 шақырымнан астам аумақты қамтиды. Қазіргі уақытта күрделі және ағымдағы жол жөндеу жұмыстары, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды салу және аулаларды абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Биыл 116 аулада жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Сонымен қатар алғаш рет қалада көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары арасында «Үздік абаттандырылған аула» байқауы өткізіліп жатыр. Жеңімпаздарға 20 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетілмек.
Бұдан бөлек, Көкшетауда теміржол вокзалы мен оған іргелес алаңды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нысанды толықтай жаңарту 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Қала әкімі абаттандыруға үлес қосып жатқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Сонымен бірге коммерциялық нысандардың айналасын тиісті деңгейде ұстамау фактілері де атап өтілді. Осы ретте санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жалғасады, қажет болған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі жауапты тұлғалардың белсендігі мен мұқияттығы облыс орталығының жайлы, қауіпсіз әрі заманауи болуына немесе керісінше, қолайсыз болып қалуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Қала ортасының көркеюі тек сыртқы көрініс емес, ең алдымен халықтың денсаулығы, психологиялық жай-күйі және өмір сапасы. Жайлы аулалар, жасыл аймақтар, қолжетімді қоғамдық кеңістіктер мен қауіпсіз инфрақұрылым тұрғындардың өз қаласына деген сенімін және мақтаныш сезімін қалыптастырады», – деді Марат Ахметжанов.
Көкшетау қаласының әкімдігіне кәсіпкерлік нысандардың маңайын ретке келтіру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ барлық меншік нысандарында әуе мониторингі мен фото-бейне тіркеуді қолдану арқылы құқық бұзушылықтарды анықтауда дрондардың мүмкіндігін белсенді пайдалану тапсырылды.