Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов білім беру мекемелерін жөндеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында мектептерді күрделі жөндеу, жобаларды уақытында әрі сапалы жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Биыл Ақмола облысында білім беру нысандарын реновациялау бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. 34 білім беру ұйымын күрделі жөндеуден өткізуге — оның ішінде 28 мектеп, балабақшалар, колледж және қосымша білім беру ұйымдары бар. Республикалық және облыстық бюджеттен 8,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның ішінде 20 мектеп Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық реновация тізіміне енгізілген.
Өңір басшысы мектептердің жаңа оқу жылына дайындалуы стратегиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін атап өтті. Дегенмен, кейбір аудандар мен қалаларда жұмыс кестесінің кешеуілдеуі байқалады. Қазіргі таңда Қорғалжын ауданындағы мектеп, Урюпинка ауылындағы арнайы кешен — балабақша-мектеп-интернат және Көкшетау қаласындағы №14 мектеп ерекше бақылауға алынды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева бұған дейін де осындай тәуекелдердің жөндеу жұмыстарының кешігуіне және кейбір мердігер ұйымдармен сотқа дейінгі мәселелерге әкеп соққанын атап өтті.
«Бірқатар компаниялар мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушылары ретінде танылып, бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды, ал кейбір нысандар бойынша прокуратура тарапынан ұсыныстар түсті», — деді Айнагүл Балташева.
«Әр мердігер ұйымның басшысы мен аудан әкімдері өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындауға жеке жауап береді. Барлық мектеп 25 тамызға дейін толық дайын болуы тиіс. 1 қыркүйекте балаларымыз жаңартылған, қауіпсіз сыныптарға оралуы қажет. Ең маңыздысы — балаларымыздың сапалы білім алуы мен лайықты жағдайда оқуы. Біз халық сенімін ақтап, жұмыс кестесінің бұзылуына жол бермеуіміз керек», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Кеңес қорытындысы бойынша құрылыс материалдарын уақтылы жеткізу, білікті жұмысшылар санын арттыру, нысандарда күнделікті бақылауды қамтамасыз ету және әр объектіге жауапты мамандарды нақты бекіту тапсырылды.