«Қазақтелеком» АҚ мен Ақмола облысының әкімдігі өңірде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жөнінде меморандумға қол қойды. Алдағы үш жылда шамамен 280 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 16 миллиард теңгеден асады.
Келісімге Көкшетау қаласында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мен облыс әкімі Марат Ахметжанов қол қойды. Тараптар «Ауыл online» жобасы аясында стратегиялық әріптестік туралы уағдаласты. Бұл бастама 2027 жылға дейін еліміздегі 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді «оптикаға» қосуды көздейді.
«Ақмола облысы орнықты дамудың негізі ретінде цифрлық трансформацияға басымдық беріп отыр. Ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу тұрғындарға білім алуда, медицинада, мемлекеттік қызметтерді пайдалануда және кәсіп ашуда жаңа мүмкіндіктер береді. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар деректерге негізделген басқару жүйелерімен қатар жүруі тиіс. Оның негізгі элементі — өңірді басқару орталығы. Бұл орталық аналитикаға сүйене отырып шешім қабылдауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «мемлекет цифрлық әрі деректерге сүйенетін болуға тиіс. Онсыз экономика мен басқару жүйесінің тиімді дамуы мүмкін емес». Біз адамдардың тұрмыс сапасын тікелей жақсартатын осындай бастамаларды қолдауға әрдайым дайынбыз», — деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
«Цифрландыру — тек инфрақұрылым салу емес, білім беру, медицина, қауіпсіздік сияқты маңызды салаларды түбегейлі жаңғырту. Әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жобаларды өңірде жедел іске асырып, кеңінен таратуға жол ашады», — деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Компания өңірде қазірдің өзінде 10 000 портқа арналған оптикалық байланыс желілерін салып, 29 5G базалық станциясын іске қосты. Жыл соңына дейін қосымша 40 жаңа 4G базалық станция орнатып, тағы 60-ын жаңғырту, сондай-ақ 14 нысанға 5G желісін орнату жоспарланған
Сонымен қатар кездесу барысында бейнемониторинг жүйесі және Өңірді басқару орталығының құрылуы, Med365 және Ascle стартапымен (AI-диагностика) бірлесіп телемедицина бағытындағы шешімдер. AI Mektep мектеп қауіпсіздігі жүйесі, Smart Aqkol жобасын дамыту — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа камералар, аналитика және IoT-датчиктер орнату сынды жобалар талқыланды.