«Зиялы қауым» бағдарламасы Ақмола облысы ауылдарында құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал етіп отыр

«Зиялы қауым» бағдарламасы Ақмола облысы ауылдарында құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал етіп отыр

Ақмола облысында өткен жылдан бері «Зиялы қауым» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жергілікті өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге жұмылдыру. Бұл бастама облыс әкімдігі мен полиция департаментінің қолдауымен іске асырылып, бүгінде 140 ауылды қамтып отыр.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Абуталиповтың айтуынша, қоғамдық кеңестердің құрамына ақсақалдар мен ауылда беделді азаматтар кірген. Олар учаскелік инспекторлармен және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірлесе отырып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және өзекті мәселелерді шешуге белсенді атсалысуда.

«Олар өздері проблемалық мәселелерді анықтап, шешімін табады. Нәтиже айқын — бұл ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, жалпы ауылдық жерлерде құқықбұзушылық деңгейі төмендеп келеді, — деді Серік Абуталипов.

«Зиялы қауым» жобасының табысты үлгілерінің бірі – Атбасар ауданына қарасты Шуйское ауылы. Соңғы үш жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Құқықбұзушылық деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Ауыл тұрғындары өзара сыйластық пен тәртіпке бейжай қарамайды. Қоғамдық тәртіпті сақтауда айрықша үлес қосып жүргендердің бірі ауыл ақсақалы Еркебай Байжігітов.

«Мен бұл ауылда бүкіл ғұмырымды өткіздім, оның тағдырына бей-жай қарай алмаймын. Әр үйде өзара құрмет пен сыйластық бар. Барлығы өзімізге байланысты. Заңды сыйлап өмір сүр, отанды сүй, өзгенің еңбегін қадірле — сонда бәрі де реттеледі», — дейді ол.

70 жыл бұрын негізі қаланған Шуйское бүгінде өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Тұрғындар мен учаскелік инспектор Бағдат Үтеуовтің өзара тығыз әрі нәтижелі байланысы қауіпсіздіктің басты кепіліне айналды. Еркебай Байжігітов құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды. Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» таза және қауіпсіз көшеден, жергілікті билік, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлерінің өзара қолдауынан басталатынын атап өтті.

Бағдарламаның жарқын нәтижесінің бірі — отыз бес ауылдың алкоголь өнімін сатудан өз еркімен толық бас тартуы. Мәселен, Сандықтау ауданына қарасты Красная Поляна ауылында спиртті ішімдіктерді сату ақсақалдардың шешімімен 2006 жылдан бері тоқтатылған.

«Жастар ақсақалдардың сөзіне құлақ асады, учаскелікпен бірге барлық мәселені шешіп отырамыз. Соның арқасында ауылда тәртіп сақталады, — деді Красная Поляна ауылының тұрғыны Магумад Умаров.

«Зиялы қауым» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолдауымен бірқатар ауылдарға бейнебақылау камералары орнатылған. Қазір олардың саны 1 250-ге жуық. Соңғы екі жылда өңірдің 98 ауылында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.