Ақмола облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды

Ақмола облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды

Ақмола облысында Полиция күні аталып өтіп, қызметтік міндетін адал атқарып жүрген үздік тәртіп сақшылары марапатталды. Іс-шара ішкі істер органдары қызметкерлерінің, ардагерлердің және полицияның қоғамдық көмекшілерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісіне айналды.

Бұған дейін құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында табысты жүзеге асырылып жатқан «Зиялы қауым» бағдарламасына жоғары баға берген болатын. Бұл бастама ауыл әкімдерін, ақсақалдарды және шаруа қожалықтарының басшыларын учаскелік полиция инспекторларына көмек көрсету ісіне жұмылдырып отыр.

Салтанатты жиында облыс әкімі Марат Ахметжанов пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрсұлтан Мұқашев сөз сөйледі. Өңір басшысы полиция қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды әрі күрделі міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.

«Полиция — бұл тек құқықтық тәртіптің органы емес. Бұл — күн сайын заңдылық пен азаматтардың тыныштығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар. Қызметкерлерді қолдау, қоғам сенімін нығайту және кадрлық әлеуетті дамыту – біз үшін әрдайым басымдық болып қала береді», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, кәсібилігі мен антқа адалдығы үшін үздік қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар – медальдер, төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Марапатқа «Өз ісінің үздігі» өңірлік байқауының жеңімпаздары, әулетімен ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген династия өкілдері, сондай-ақ жас мамандардың ата-аналары ие болды. Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына және ішкі істер органдарының ардагерлеріне ерекше ризашылық білдірілді.

Сонымен қатар, «Зиялы қауым» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Атбасар ауданы Шуйское ауылының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркебай Байжігітов облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету ісіне белсенді үлес қосып жүрген қоғам өкілдері де арнайы марапаттарға ие болды.