Көкшетау қаласында абаттандырудың ауқымды жобасы — «Көкшалғын» жаңа аллеясының құрылысы бастау алды. Жоба аясында төрт қоғамдық кеңістік — Сағдиев көшесі, «Тәуелсіздік» алаңы, Даңқ аллеясы және «Жеңіс» саябағы жаңартылады.
Абаттандырылатын аумақтың ұзындығы екі шақырымды, ал жалпы аумағы шамамен 7 гектарды құрайды. Барлық қоғамдық кеңістіктер қала орталығынан жаңа жағалауға дейін біртұтас жаяу жүргіншілер жолы арқылы біріктірілетін болады. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, әр нысан өз қызметтік маңызын сақтай отырып, жаңа мазмұнмен толығады және сәулеттік, тарихи ерекшеліктері ескеріледі.
«Жеңіс» саябағы мемориалдық мәртебесін сақтайды. Мұнда құрғақ субұрқақ орнатылып, орталық бөлігі гүлзарлармен көмкеріледі. Жобада саябақтың қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан екі шеткі аумағын жандандыру қарастырылған. Ал «Тәуелсіздік» алаңы жан-жақты абаттандырылып, үш жаңа субұрқақ, заманауи суару және жарықтандыру жүйелері, сондай-ақ балалар мен воркаут алаңдары орнатылады. Алаң барша тұрғындарға қолайлы әрі ашық демалыс орнына айналады», — деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар Сағдиев көшесі осы кеңістіктерді өзара байланыстыратын негізгі желіге айналады. Кешенді тәсілдің арқасында бұл көше қала орталығы мен жағалауды жаяу және көркемдік тұрғыдан үздіксіз байланыстыратын буын болмақ.
Жобаны жүзеге асырумен халықаралық білімі мен тәжірибесі бар архитектор Роман Шнайдерман жетекшілік ететін «Envicon» ЖШС айналысуда.
Абаттандыру жұмыстары аясында шамамен 300 түп ағаш отырғызылады. Бұл жасыл желек қоғамдық кеңістіктерді бір композициялық арнаға біріктіріп қана қоймай, қала тұрғындары үшін ашық, қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.