Көкшетау қаласында ақмолалық паралимпиадашыларға жаңа пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов чемпиондарды қоныс тойымен құттықтап, олардың өңір мен ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Параспортшылар жаңа, заманауи әрі жайлы тұрғын үй кешенінен баспана алды. Екі жаңа 45 пәтерлік тұрғын үй өткен жылы апатты үйлердің орнына салынды. Жоба тұрғын үй қорын жаңарту жөніндегі өңірлік бағдарлама аясында жүзеге асырылып, қалалықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Облыс әкімі Марат Ахметжанов әлеуметтік қолдаудың және инклюзивті спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін біз паралимпиадада ел абыройын асқақтатқан саңлақтарымызға жаңа пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Бұл жай ғана жайлы баспана емес — бұл Ақмола өңірінің олардың ерік-жігері мен Отанға деген адалдығы үшін білдірген алғысы. Мұндай үлгілер жастарға шабыт береді, рухты көтереді және инклюзивті спорттың дамуына жол ашады. Спортшыларды қолдау – біздің мемлекеттік және әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі», – деді Марат Ахметжанов.
Жаңа пәтерге Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев пен былтырғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов ие болды.
«Бұл — мен үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Пәтер кең, жайлы. Спортшыларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау жыл өткен сайын артып келеді — бұл жігер береді, сенім ұялатады. Қазір алда болатын лицензиялық әлем чемпионатына дайындалып жатырмын, бұл жарыс келесі Паралимпиадаға жолдама беруі мүмкін», – деді Давид Дегтярев.
«Мен — отбасылы адаммын, үш балам бар. Бұл баспана — отбасымыз үшін зор қолдау. Алда — әлем чемпионаты мен Азия Параойындары жоспарланған. Оған лайықты дайындалып жатырмын. Облыс басшылығына спортшыларға көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдіремін», – деді Еркін Ғаббасов.
Жаңа тұрғын үйлер ерекше сәулеттік шешімімен, кең жоспарымен және заманауи құрылыс стандарттарына сай жасалғанымен ерекшеленеді.