Ақмола облысының әкімі Щучинскідегі спорт сарайының құрылыс қарқынын сынға алды

Ақмола облысының әкімі Щучинскідегі спорт сарайының құрылыс қарқынын сынға алды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Щучинск қаласындағы көпфункционалды Спорт сарайының құрылысымен танысты. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының баяу жүргізілуін сынға алды.

Үнемі ескерту жасалып отырғанына қарамастан, нысанда жұмыс күші мен техникалық ресурстардың тапшылығы байқалады. Құрылыс баяу жүргізілуде, жұмыс кестесінен кешігу бар.

«Спорт сарайының құрылысы – Бурабай ауданы тұрғындары көптен күткен маңызды нысан. Мәселе тек құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтауда емес, сапаны да қамтамасыз ету қажет. Тұрақты бақылауға қарамастан жұмыс өте баяу жүруде. Жұмысшылар мен техника жетіспейді, аудан әкімдігі мен құрылыс басқармасы тарапынан бақылау жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмаған», — деді Марат Ахметжанов.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі құрылыс қарқынын жеделдету, жұмысшылар мен техникаларды көбейту, жұмыстарды екі ауысымда ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті. Өңір басшысы нысанды 1 қыркүйекке дейін аяқтауды міндеттеді.

Айта кетейік, Щучинск қаласындағы Спорт сарайы – өңірдің спорт инфрақұрылымы үшін маңызды нысан болмақ. Оның құрылысы 2021 жылы басталған. Қазіргі уақытта ғимараттың қасбеті мен шатыры, сондай-ақ бассейн мен спорт залының ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.