Ақмола облысында үздік тауар өндірушілер анықталды

Ақмола облысында үздік тауар өндірушілер анықталды

Көкшетау қаласында дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Биылғы жылы өңірлік кезеңге Ақмола облысынан жүзге жуық тауар өндіруші қатысты.

Байқау-көрме Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілді. Шара барысында азық түлік және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және өзге де салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Келушілер азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларды нарықтық бағадан төмен бағамен сатып ала алды. Сонымен қатар, өңірдің танымал компаниялары мен кәсіпорындары ұйымдастырған тегін лотерея ойнатылды.

Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Рақышев, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, кәсіпкерлік субъектілері және басқа да меймандар қатысты.

Бүгінде Ақмола облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әсіресе іскерлік ахуалды жақсартуға, инвестиция тартуға, индустриялық аймақтар құру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға баса мән беріліп отыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып келе жатқанын, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі – отандық кәсіпорындардың әлеуетін паш ететін маңызды алаң. Біз жыл сайын жергілікті өнімге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын, оның сапасының жақсарып, ассортиментінің кеңейіп жатқанын көріп отырмыз. Өз кезегінде мемлекет бизнеске қажетті қолдау көрсетуді, инфрақұрылымға инвестиция салуды және өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береді», – деді өңір басшысы.

Байқау қорытындысы бойынша үш номинацияда жеңімпаздар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаздар: «Степногорск машина жасау зауыты» ЖШС, «Азияфильтр» ЖШС (Бурабай ауданы), «Kokshe Building Service» ЖШС (Көкшетау қаласы).

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздіктер: «Оникс» ЖШС (Көкшетау қаласы), «Green Products» ЖШС (Қорғалжын ауданы), «Алихан» ЖК (Қосшы қаласы).

«Азық-түлік тауарларының үздігі» ретінде: «Бижан» ет өңдеу кешені» ЖШС (Көкшетау қаласы), «Соколов Р.О.» ЖК (Бурабай ауданы), «MILK PROJECT» ЖШС (Зеренді ауданы) танылды.

Алғаш рет байқауға қатысқан жеңімпаздардың бірі – «Kokshe Building Service» ЖШС. Компания он жылдан астам уақыт бойы Ақмола облысының құрылыс нарығында жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын түрлі темір-бетон бұйымдарын өндірумен қатар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысымен де айналысады. ЖБИ өнімдерін өндіру көлемі бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Өнімдері тек Ақмола облысында ғана емес, одан тыс аймақтарда да сұранысқа ие.

Компания басшысы Асқар Байқановтың айтуынша, беделді байқаудағы жеңіс – мойындалудың айғағы ғана емес, жаңа мүмкіндіктер мен ынталандырудың көзі.

Айта кету керек, барлық жеңімпаз компаниялар республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.

«Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау. Бұл шара кәсіпкерлер қауымдастығы арасында зор танымалдыққа ие. Себебі оған қатысу кәсіпорындарды өз өнімдерінің сапасын арттыруға ынталандырып, отандық брендтерді ілгерілетуге және өндірісті дамытуға жол ашады», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.