Зеренді ауданында балаларға қосымша білім беретін жаңа нысандар ашылуда

Зеренді ауданында балаларға қосымша білім беретін жаңа нысандар ашылуда

Зеренді ауданында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған заманауи білім беру инфрақұрылымы қалыптасуда. Биылғы жылдың басынан бері мұнда балалар өнер мектебі мен балалар шығармашылығы орталығы жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда бұл мекемелерде 800-ден астам бала түрлі бағытта қосымша білім алуда.

Білім беру бағдарламасына домбыра, қобыз, фортепиано, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, театр өнері, би, қолданбалы шығармашылық, пікірсайыс, экология, робототехника және техникалық модельдеу үйірмелері кіреді.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында аталған нысанның қызметімен танысты.

«Зеренді ауданы – облыстың туристік әрі білім беру әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Мұнда балалардың дамуына және өзін-өзі іске асыруына қажетті жағдай жасалуы тиіс. Ел ертеңін тәрбиелеу – осыдан басталады», – деді өңір басшысы.

Өнер мектебінің директоры Бақытбек Сейдахмет оқу орнының негізгі мақсаты – балалардың жан-жақты қабілетін дамыту екенін атап өтті.

«Біз әр баланың жеке қабілетін ашуға және өнерге деген қызығушылығын оятуға тырысамыз. Балалардың ынтамен келіп, ата-аналардың қолдау білдіруі бізді қуантады», – деді ол.

Сондай-ақ сапар аясында облыс әкімі Зеренді ауылында салынып жатқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылыс барысымен танысты. Құрылысты ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, өңір басшысы «Сұңқар» жазғы лагерінде болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылармен тілдесті. Марат Ахметжанов балалардың тынығу және білім алу бағдарламасымен танысты.