«Орталық Азия – Қытай» II Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Ақмола облысы әкімдігі мен қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясы арасында негіздемелік келісімге қол қойылып, құжат алмасу рәсімі өтті.
Келісімнің мақсаты – инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және Ақмола облысы аумағында жалпы құны 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын бидайдың 1–4 сұрыптарын терең өңдейтін өндірістік кешен салу жобасын жүзеге асыру.
Өндіріс орны республикалық «Aqmola» индустриялық аймағында орналастырылады. Жоба үш кезеңмен іске асырылады. Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаттылығы – 3 миллион тонна.
Алғашқы кезеңде жылына 1 миллион тонна дайын өнім өндіру көзделіп отыр. Жобаның аясында 1000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде өңірлерге инвестиция тартуға айрықша мән беріліп отыр.
«Мұндай ауқымды жобалардың облысымыз үшін маңызы зор. Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, бюджетке түсетін салықтың артуы, өндіріс көлемінің көбеюі және тұтастай алғанда өңір экономикасына оң мультипликативті әсері», – деді аймақ басшысы.