Қосшы қаласында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Қосшы қаласында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Қосшы – тұрғындары үшін қолайлы, заманауи әрі жайлы қалаға айналуы тиіс. Сонымен қатар, ол елордаға сенімді серіктес болуы керек. Бүгінде қала қарқынды дамып келеді, бұл инженерлік желілерге түсетін жүктеменің де артуына себеп болуда. Осыған байланысты газдандыру, электрмен қамту, ауызсу жеткізу, жол жөндеу және жаңа жолдар салу мәселелері күн тәртібінен түспей отыр. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының халқымен өткен есептік кездесуде айтты.

Астаналық агломерацияны дамытудың Кешенді жоспары аясында Қосшы қаласында 39 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: әлеуметтік инфрақұрылым – 4 жоба, 5 көлік инфрақұрылымы , сумен жабдықтау – 8, электрмен жабдықтау – 4, жылумен қамту – 4, газдандыру – 2 және өзге де бағыттар бойынша 12 жоба қолға алынған.

Газдандыру саласында өткен жылы «Сарыарқа» магистралды газ құбырынан желі тарту жұмыстары басталды. Үш жылға жоспарланған бұл жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде 132 шақырым газ құбыры тартылып, алдағы уақытта тағы 276 шақырым салу көзделіп отыр. Бұл ауқымды жоба Қосшы қаласындағы 30 мың абонентті табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл Тайтөбе ауылында да газ желілерінің құрылысы басталады. 2026 жылдың соңына дейін Қосшы мен Тайтөбе 100 пайыз газбен қамтылатын болады. Биылдың өзінде үш іске қосу кешенінің алғашқысы пайдалануға берілмек.

Ауызсу мәселесін шешу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әкім атап өткендей, негізгі назар Төменгі Романов кен орнынан тартылатын су құбырына аударылған. Жақын күндері бұл нысанды қалалық коммуналдық мекеменің балансына беру мәселесі шешімін табады. Ауызсудың сапасын жақсарту мақсатында тазарту қондырғыларын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су құбырының 4-кезеңінің құрылысына Арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлініп, жоба биыл аяқталады. Нәтижесінде 5 мың абонент қосымша сумен қамтылады. Бұдан бөлек, бекітілген Бас жоспарға сәйкес жаңа ықшамаудандарды қамтитын 5-кезеңді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңа кәріз коллекторы мен тазарту құрылыстарын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жыл соңына дейін жобалау жұмыстары аяқталып, келер жылы құрылыс басталады.

Электрмен қамту мәселесі де назарда. Қатарынан екінші жыл облыстық бюджеттен электр желілерін жаңғыртуға және оларды сенімгерлік басқаруға «Ақмола ЭТК» мекемесіне беруге дайындық аясында 250 млн теңге бөлінуде. Қазір «Лесная Поляна» тұрғын үй алабында электр желілерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. «Северная» қосалқы станциясынан жаңа кабельдік желі тартылып, тарату трансформаторлық қосалқы станциясы орнатылды. Бұл уақытша схема арқылы қосылған 17 көпқабатты үйді тұрақты әрі сенімді электрмен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, биыл электрмен жабдықтаудың 4 және 5-кезеңдерінің құрылысы басталады. Олар жаңа абоненттерді үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам абонентті қамтитын және бүкіл ауылды электрмен қамтитын 46 шақырымдық электр желісінің құрылысы аяқталуға жақын.

Жиын барысында өңір басшысы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де тоқталды. Биыл Қосшы қаласында 10 көшеге жол салу жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстар аясында тротуарлар мен тұрғын үйлерге кіреберіс жолдар да қарастырылған. Қоғамдық-мәдени-спорттық орталыққа апаратын жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, елордаға тікелей шығатын жаңа жол салу жоспарланып отыр. Тайтөбе ауылында 26 көшеге ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.