Қосшыда «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің үлескерлері қоныс тойын қала күні атап өтеді

Қосшыда «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің үлескерлері қоныс тойын қала күні атап өтеді

Қосшы қаласының күніне орай «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің үлескерлері көптен күткен пәтерлерінің кілтін алады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қала тұрғындарымен өткен есептік кездесу барысында хабарлады.

Өңір басшысының айтуынша, 2013 жылдан бері күтіп жүрген тұрғын үй құрылысын қайта жандандырып, аяқтауға инвестор – «КГС Сауда» ЖШС-мен жасалған келісім өз нәтижесін берді.

«Біз өз міндеттемелерімізді орындадық. 26 шілдеде тұрғындар пәтер кілтін алады. Келесі кезекте – жергілікті мердігерлер салып жатқан «Даймонд парк» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау», – деді Марат Ахметжанов.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталды. Бүгінгі таңда нысанның кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталып, сыртқы инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 450-ге жуық жұмысшы тартылған. Тұрғын үй кешенінде жалпы 543 пәтер қарастырылған, оның 110-ы үлескерлерге тиесілі.