Биыл Қосшы қаласына 4 жыл толады. Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 26 шілдеде Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы уақыт аралығында елді мекен қарқынды дамып қана қоймай, стратегиялық маңызды құжаттарға – Астананың агломерациясын дамытудың кешенді жоспары мен Қосшы қаласының Бас жоспарына ие болды.
Халықпен кездесу барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындарға осы құжаттардың жүзеге асуы, жаңа жобалардың құрылысы туралы айтып, өзекті сауалдарға жауап берді.
Облыс әкімінің айтуынша, қала халқының қарқынды өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі дамыту қажеттігін көрсетіп отыр. Басты міндет – барлық тұрғын үшін білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«Жаңа Бас жоспар – бұл жай ғана карта немесе жоба емес. Бұл – алдағы онжылдыққа, 2037 жылға дейінгі біздің ортақ іс-қимыл жоспары. Онда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға баса мән берілген», – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, Қосшы қаласын 2037 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспарға сәйкес, қалада 31 балабақша, 16 мектеп пен 7 емхананың құрылысы көзделген.
Кешенді жоспар аясында 39 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, терезелер орнатылып, трансформаторлық қосалқы станция, шатыр мен қасбетті әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы төртінші Құрылтайда берген тапсырмаға сәйкес, қалада халықаралық деңгейдегі колледждің құрылысы жоспарланған. Аталған нысан үшін 12 гектар жер телімі белгіленді. Қазіргі таңда инвесторлар тарту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімдер жасау жұмыстары жүріп жатыр.
Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеке инвестиция есебінен «Viamedis» компаниясы көпсалалы ауданаралық аурухана мен емхана салып жатыр.
Қуаттылығы ауысымына 1000 адамды қабылдайтын емхана биыл ашылады, ал келесі жылы 350 төсектік стационар іске қосылады. Онда заманауи бөлімдер – хирургия, травматология, онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, химиотерапия және тағы басқа бағыттар қамтылады. Сондай-ақ, қаладан тыс келген пациенттерге арналған пансионат пен дәрігерлерге арналған тұрғын үй салынуда. Бұл – мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Құрылысқа 200 жұмысшы тартылып, құрылыс материалдары отандық өндірушілерден сатып алынуда.
«Мен айтып өткен барлық жоба – тек қағаз жүзіндегі жоспар емес. Олар – нақты жүзеге асып жатқан істер. Қосшы – жас әрі өршіл қала. Біз оны сіздермен бірге көркейтіп келеміз», – деп түйіндеді облыс әкімі.