Отырыста қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, облыс прокуроры Руфат Құттықов, облыстық соттың төрағасы Арман Жүкенов, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, «Атамекен» ҰКП өкілдері, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ жұртшылық, жастар және спорт ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткі заттарының заңсыз айналымы, буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық және лудомания мәселелері талқыланды. «Жас Ұрпақ» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар, соның ішінде «Ұрпақ» Telegram-ботының қызметі таныстырылды.
Құқықтық сананы қалыптастыру мен заңға құрметпен қарайтын азаматты тәрбиелеудің маңызы атап өтілді. Мемлекет басшысының Жолдауларында белгіленген «Заң және тәртіп» қағидаттары мемлекеттік саясаттың құндылықтық негізі ретінде айқындалып, құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстың басты бағдары екені баса айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша батылдығы мен азаматтық белсенділігімен ерекшеленген жастарға алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды.