ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Макинск және Көкшетау қалаларында халықпен және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті.

Макинск қаласында Бұланды ауданының кәсіпкерлерімен кездесу және азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Аймақтың агроөнеркәсіптік орталығы саналатын бұл ауданда 28 мыңнан астам тұрғын бар. Мұнда үш ірі кәсіпорын – «Макинск құс фабрикасы» ЖШС, «Макинск жылу оқшаулау зауыты» ЖШС және «Бота-2015» ЖШС табысты жұмыс істеп жатыр. Шағын және орта бизнес саласында 3,8 мыңнан астам адам еңбек етуде.

Кездесу барысында вице-министр отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау шаралары, сауданы цифрландыру, көпформатты сауданы дамыту және Қытай провинцияларын қоса алғанда жаңа экспорттық бағыттарды ашу жөнінде баяндап берді. Сонымен қатар, өнім бағасын қалыптастыру, өткізу арналары және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мәселелері талқыланды.

Азаматтарды жеке қабылдау кезінде «Макинск жылу оқшаулау зауыты» ЖШС өкілі өз өнімдерін үшінші елдерге экспорттау көлемін арттыру мәселесін көтерді.

«Отандастық өндірушілер тізіліміне ену қажет. Биыл біз шамамен алты тақырыптық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Сіздің кәсіпорыныңыз бұл шараларға қатысатын болады. Бұл — жаңа экспорттық байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік», — деді бірінші вице-министр Айжан Бижанова.

Жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласында облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың, облыс әкімдігі мен орталық және аумақтық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен кеңес өтті.

Кеңесте Ақкөл ауданында жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасының барысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықты бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру мәселелері талқыланды.