Көкшетауда өткен Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы – бұл тек АНК-ның 30 жылдығына арналған салтанатты шара ғана емес, қоғамның болашағы мен ел бірлігі үшін әр азаматтың жауапкершілігі туралы мазмұнды, шынайы пікір алмасу алаңы болды. Жиынға ұлтаралық келісімнің маңызын сөзбен емес, ісімен дәлелдеп жүрген – ауылдарда, мектептер мен колледждерде, мәдениет ошақтары мен спорт залдарында халықпен етене еңбек етіп жүрген азаматтар жиналды.
Сессияны Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашып, Ассамблеяның қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, қоғамдық тұрақтылықты қалыптастырып, азаматтық белсенділікті дамытып, өзара құрмет пен ынтымақты орнықтыратын нақты қоғамдық тетік.
«Бүгін біз Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мәдени мұраны сақтаумен ғана шектелмейтінін айқын ұғынуымыз керек. Бұл – түрлі этностарды, мәдениеттер мен дәстүрлерді қазақстандық ортақ құндылықтар: бірлік, өзара сыйластық пен азаматтық жауапкершілік аясында біріктіретін негізгі қоғамдық платформа», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен Ассамблеяның XXXIV сессиясында айтқан тапсырмаларына тоқталып, мемлекеттік тілді нығайту, жастар арасында толеранттылықты қалыптастыру және қоғамдық институттардың ықпалын күшейту – өңірлер үшін нақты әрекетке бастайтын маңызды бағдар екенін атап өтті.
«Этносаралық және қоғамдық келісім – бұл жай ғана идеологиялық ұран емес. Бұл – нақты саясат, айқын мақсат. Біз қоғамда бейбіт өмір мен өзара түсіністікке негізделген орта қалыптастыруға тиіспіз. Ал Ассамблея бұл жұмыстың алғы шебінде болуы қажет», – деді облыс әкімі.
Ол әр аудан мен өңірде нақты жобалар жүзеге асырылуы тиіс екенін айтып, белсенді әрекетке шақырды.
Сенат депутаты, Ассамблея мүшесі Геннадий Шиповских те бұл бағыттың маңыздылығын айта келіп, идеядан нақты іске көшудің маңызын атап өтті.
Ассамблея мүшесі, ізгі ниет елшісі, Гиннестің бірнеше мәрте рекордшысы Сергей Цырульников ауылдық өңірлер мен балаларды қолдауға бағытталған қоғамдық қызметі туралы баяндады. Оның айтуынша, «1000 ауыл» жобасы – жеке бастамамен және бюджеттен тыс қаржы есебінен жүзеге асып жатқан жоба. Қазіргі таңда 139 ауыл қамтылып, 70 мыңнан астам бала спортпен шұғылдануға мүмкіндік алған. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне 500-ден астам өрт дабылқаққышы орнатылған. Сонымен қатар ол халықаралық жарыстарға қатысып, шетелде қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттап жүргенін айтты.
Жастар және азаматтық жауапкершілік тақырыптары да назардан тыс қалмады. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және жұмысшы мамандықтарына оқитын, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар студенттерге қолдау көрсету, кәсіби бағдар беру мәселелері көтерілді. Өңірде бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Колледж оқытушылары жастарды WorldSkills қозғалысына белсенді тартып, кәсіби шеберлік байқауларына қатысып, тәлімгерлік бағытты дамытып отыр. Бұл – Ассамблеяның жастармен жүргізіп жатқан жұмысының бейресми, бірақ маңызды бөлігі.
Мәдени бағыт та сессияда кеңінен қамтылды. «Ел бірлігі» бағдарламасы аясындағы гранттық қолдаудың нәтижесінде этномәдени бірлестіктер тіл курстарын ұйымдастырып, мерекелер мен фестивальдер өткізуге мүмкіндік алып отыр. Биыл бұл грант көлемі 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылып, жаңа ұйымдарды қамтуға жол ашты. Бұл – ұлттық мәдениет пен тілді сақтау арқылы қазақстандық патриотизмді нығайтудың нақты тетігі.
Сессия соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдер табысталды. Бұл марапат – ондаған жылдар бойы әртүрлі мәдениеттер арасындағы көпір болып, жастармен жұмыс істеп, күрделі жағдайларда да диалог орната білген, өз ісін адал және жанашырлықпен атқарып жүрген жандарға берілді.