Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды құру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Ақмола облысында екі денсаулық сақтау мекемесі – Аршалы ауданы Арнасай ауылында дәрігерлік амбулатория және Бұланды ауданы Алтынды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Нысандар елге қайтарылған активтер есебінен салынған. Осы мақсатқа арнаулы мемлекеттік қордан 295 млн теңге бөлінді. Денсаулық сақтау мекемелері Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ашылды.
Арнасай ауылындағы дәрігерлік амбулатория Елтоқ, Қойгелді, Бабатай станциясы мен 42-разъезд сынды маңайдағы елді мекендерде тұратын 2 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Жалпы ауданы 450 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат бір ауысымда 45 келушіні қабылдауға қауқарлы.
Бұланды ауданы Алтынды ауылында ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт Алтынды, Боярка, Алакөл, Жаңаталап және Елтай ауылдарында тұратын мыңға жуық адамға алғашқы медициналық көмек көрсететін болады.
Аталған медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Атап айтқанда, ЭКГ аппараты, дефибрилляторлар, физиотерапия және оңалту құрылғылары орнатылған. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа медициналық нысандарды еліміздің Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев пен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовпен бірге барып көрді.
Өңір басшысы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жолында бұл нысандардың маңыздылығына тоқталды.
«Мұндай нысандардың құрылысы – халқымыздың денсаулығына салынған инвестиция. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ауыл тұрғындарына аурудың алдын алу және емделу үшін қолайлы жағдай жасалуда. Бұл – ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі», — деді Марат Ахметжанов.
«Ақмола облысында жалпы саны 33 әлеуметтік жоба іске асырылады. Оның ішінде 10 жоба – медициналық нысандар. Қайтарылған активтердің мақсатты жұмсалуын қадағалау – прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Әр қайтарылған теңге – Қазақстанның дамуына қызмет етуі керек», — деді Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағдарламасы аясында Ақмола облысында 38 нысан салынады. Оның 28-і бүгінде іске қосылған. Медициналық қызмет сапасына ерекше назар аударылуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару арқылы әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруда. Қазіргі таңда өңірде тағы 3 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде.