Жарқайың ауданында Экологтар күніне орай «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сенбілік өтті

Жарқайың ауданында Экологтар күніне орай «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сенбілік өтті

 Экологтар күніне орай Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шараға 500-ден астам адам - мемлекеттік органдардың, мекемелердің қызметкерлері, оқушылар, еріктілер және аудан тұрғындары қатысты. Көгалдандыру жұмыстары барысында 200-ден астам ағаш көшеті терек, шырша және қарағай отырғызылып, бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға өз үлесін қосты.

Сенбілік аясында Есіл өзенінің жағалау аумағын тазартуға ерекше көңіл бөлінді. Өзен бойында орналасқан барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер Державинск қаласындағы жағалау сызығын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты.

       «Таза табиғат әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Мұндай игі істер табиғатқа деген құрметті қалыптастырып, өмір сүруге қолайлы орта құруға мүмкіндік береді. Акцияға қатысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын», - деді Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков.

Акция аясында барлық елді мекендерде Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Таза ойындар» экологиялық сайысы өтті. Бұл қатысушылар қоқысты жинап, сұрыптап, экологиялық тапсырмаларды орындай отырып, ұпай жинайтын командалық жарыс.

Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Державинск қаласында «Экологиялық граффити» арт-жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында қатысушылар табиғатты қорғауға шақыратын ұрандар мен эко-суреттер арқылы қабырғаны безендірді.

«Таза ойындар» және арт-граффити секілді форматтар арқылы біз жастарды экологиялық бастамаларға белсенді түрде тартуға тырысамыз. Бұл қоршаған ортаны қорғау идеясын заманауи әрі қызықты түрде жеткізудің тиімді жолы», - деді Жарқайың ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Асель Молдабай.

«Таза Қазақстан» акциясы Жарқайың ауданында жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық ағарту бағытындағы шаралар жүзеге асырылатын болады.