Ақмола облысында Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Ақмола облысында Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Ақмола облысында өткен Өңірлік инвестициялық штаб отырысында инвестициялық жобаларды іске асыру, өңірдің инфрақұрылымдық дамуын жақсарту, сондай-ақ «AQMOLA» индустриялық аймағын дамыту мәселелері қаралды.

Отырыста облыс әкімі Марат Ахметжанов инвестиция тарту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау ісінде жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Басым бағыттардың бірі ретінде Аршалы ауданында құрылып жатқан «AQMOLA» индустриялық аймағы аталды. Жалпы ауданы 1000 гектарды құрайтын бұл аймаққа қайта өңдеу өнеркәсібі мен логистика саласындағы жобалар орналастырылады деп жоспарлануда.

«Біз үшін инвесторларды тарту ғана емес, олардың жобаларын толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау да маңызды. «AQMOLA» индустриялық аймағы бүкіл өңірдің даму нүктесіне айналуы тиіс», – деді Марат Ахметжанов.

Жиын барысында халықаралық қатысушысы бар компанияларды тарту мүмкіндіктері талқыланды. Импортты алмастыратын өндірістер мен жоғары технологиялық кәсіпорындарға басымдық берілетіні атап өтілді. Атап айтқанда, индустриялық аймақ аумағында экспорттық әлеуеті бар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобасын орналастыру бойынша ұсыныстар пысықталуда.

Сонымен қатар, отырыс күн тәртібінде ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан аудандарда көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Жер телімдерін беру рәсімдерін жеделдету, әкімшілік кедергілерді азайту және инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсету шаралары талқыланды.