Зеренді ауданында ауыл өмірінің сапасын арттыруға және өңірді дамытуға бағытталған жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Аудан орталығында орналасқан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жаз айының ортасында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал жыл соңына дейін тарихи-өлкетану мұражайы мен көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.
Жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.
Зеренді ауылында салынып жатқан тарихи-өлкетану мұражайы жергілікті тұрғындар үшін бірегей мәдени орталыққа айналмақ. Қазіргі уақытта нысанның іргетасын құю және гидрооқшаулау жұмыстары аяқталып, жылуошақтау жұмыстары жүргізілді. Құрылыс алаңында су құбыры мен кәріз желісін тарту жұмыстары жалғасуда.
Келесі нысан – Ильясов көшесі, 55-үй мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй. Жалпы ауданы 3840 шаршы метр болатын 75 пәтерлі үйдің құрылысын «УК – Строй» ЖШС жүргізуде. Құрылыс барысы туралы компания директоры Манат Мусин баяндады.
Жаңа спорт мектебінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылып жатқан еліміздегі алғашқы жобалардың бірі. Учаске бастығы Алмас Сәлімнің айтуынша, құрылысқа 60 жұмысшы мен 11 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ғимараттың кірпішпен қаланған қабырғалары мен арақабырғалары толықтай тұрғызылып, шатыр монтаждалып, терезелер орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары, еден төсеу және керамикалық плитка орнату жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы 16 қаңтарда басталған болатын. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат екі блоктан тұрады. Онда күрес, бокс, екі жаттығу залы және басқа да бөлмелер орналасады.
Облыс әкімі нысанды биылғы шілде айында толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар, «УК – Строй» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын жарықтандырылған шаңғы-роллер жолын, жаз мезгілінде волейбол, футбол алаңы ретінде пайдаланылатын хоккей кортын және теннис кортын салу міндеттемесін өз мойнына алды.