
Көкшетау қаласынан Зеренді ауылына дейінгі ұзындығы 47 шақырым болатын үш жолақты жаңа автожолдың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Жол өткізу қабілетінің артуы Зерендідегі туристік кластердің дамуына да серпін бермек. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жол құрылысымен танысып, мердігер ұйымдармен кездесті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Нұржан Жұкабетовтің айтуынша, бұл учаскеде елімізде алғаш рет үш жолақты қозғалысты ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба екі учаскеге бөлінген: 0–21 шақырым және 21–47 шақырым аралығы.
Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп термопластиктен жол таңбаларын сызу және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Бұл жүргізушілердің қозғалыс бағытын нақты түсінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жол құрылысының толық аяқталуы осы жылдың соңына жоспарланған.
Транспорт инфрақұрылымын дамыту туралы Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл облыста 800 шақырымға жуық жолды салуға және жөндеуге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта «Жезқазған – Петропавл», «Макинск – Ақсу – Торғай», «Көкшетау – Атбасар», «Щучинск – Степняк – Уәлиханов» сияқты ірі жобалар бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, елордаға іргелес елді мекендерді қоса алғанда, ауылішілік жолдарды салу мен жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде.
Өңір басшысы мердігерлердің назарын құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтауға аударды.
«Жұмыс кезеңі өте қысқа. Күн сайын тұрғындардан жолдарды жөндеу туралы өтініштер түсіп жатыр. Қаражат толық көлемде бөлінді және ол тек осы мақсатта пайдаланылуы тиіс. Біз бұл жолдардың сапасын қатаң бақылауда ұстаймыз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.