Көкшетауда жаңа демалыс орны – Копа көлі жағалауы «Жағалау» пайдалануға берілді. Құрылысы небәрі 8 айда аяқталған нысан үш негізгі бөлікке бөлінген: су бойымен созылған орталық серуен аймағында велосипед жолы, көлеңкелі орындар, орындықтар мен демалыс алаңдары қарастырылған; шығыс бөлігінде бірегей бетоннан жасалған памп-трек, балалар және спорт алаңдары орналасса, батыс жағында амфитеатр, сахна мен дәмхана аймағы бар. Жағалаудың жалпы ұзындығы – 6,3 шақырым. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қазцинк» АҚ-ның қаржысына жүзеге асырылды.
Облыс орталығында ашылған бұл ауқымды жоба Балаларды қорғау күніне орайластырылды. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «Қазцинк» АҚ бас директоры Жанат Жанботин, «BI-Holding» ЖШС директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, қоғам белсенділері, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Ерте таңнан бастап жағалауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды. Саудаға Түркістан облысы мен Тәжікстан Республикасынан келген 40-тан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі 330 тоннадан астам өнім ұсынды.
Сол мезетте жаңа 12 шақырымдық велосипед жолымен Орталық шағын ауданнан велошеру басталды. Қатысушылар жаңа жолмен жағалауға дейін барып, оны алғашқылардың бірі болып сынап көрді. Велошеруге Ақмола облысының әкімі де қатысты.
Мерекенің шарықтау шегі – костюмді шеру мен «Гормолзавод» бренді ұсынған бір жарым тонна балмұздақтың таратылуы болды. Бұл оқиға Қазақстан рекордтар кітабына енген ұлттық рекорд ретінде тіркелді.
Іс-шара ұйымдастырушылары әрбір келушіні назардан тыс қалдырған жоқ. Студенттер үшін мамандықтар парады, балалар мен ата-аналар үшін батпырауық ұшыру, сондай-ақ түрлі шеберлік сағаттары, спорттық және басқа да белсенді іс-шаралар өткізілді.
Өңір басшысы жиналған жұртты жаңа көпфункционалды жағалаудың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, балмұздақ тарату бойынша ұлттық рекордты ресми түрде растаған Қазақстан рекордтар кітабының сертификаты табысталды.
«Ел Президенті атап өткендей, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Облыста балалардың қабілетін ашуға бағытталған көптеген игі бастамалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған жаңа жағалау – спорттық және балалар алаңдарымен, амфитеатрмен, велосипед жолымен, памп-трекпен, қоғамдық тамақтану орындарымен жабдықталған заманауи демалыс орны – соның айқын дәлелі», – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов.
Аймақ басшысы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтиже көрсеткен жас спортшыларды, оқушылар мен өнерлі балаларды марапаттады. Сонымен бірге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан мекеме қызметкерлері де назардан тыс қалмады.
Шара соңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылып, Копа көлінде салют атылды.