Ақмола облысындағы туристік нысандар жазғы маусымға дайындық үстінде

Ақмола облысындағы туристік нысандар жазғы маусымға дайындық үстінде

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы – өңірдің басты курорты,  әрі еліміздегі үш ірі туристік орталықтың бірі.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен бірге Бурабай ауданындағы туристік нысандардың алдағы жазғы маусымға дайындығымен танысты.

Биыл Щучинск қаласында жаңа бақылау алаңы ашылды. Ол туристердің жаңа демалыс орнына айналып үлгерді. Мердігер ұйымның директоры Азамат Кенжалиннің айтуынша, алаң демалушыларға «қазақтың інжу маржанына» айналған табиғаттың сұлулығын толық тамашалауға мүмкіндік береді және жыл бойы жұмыс істейді. Алаң көл деңгейінен 270 метр биіктікте орналасқан және түнгі уақытта жарықтандырылады.

Облыс әкімі бұл нысанның табиғи ландшафтпен үйлесімді кіріктірілгенін атап өтіп, оның Щучинск қаласының туристік тартымдылығын арттыра түскенін тілге тиек етті.

«Бұл – заманауи әрі сапалы туристік нысанның жарқын үлгісі. Мұндай жобалар өңірдің жаңа визуалды келбетін қалыптастырып, туристер легінің артуына сеп болады», – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, облыс әкімі мен Туризм және спорт министрі Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы бірқатар туристік нысандарды аралап көрді. Олардың қатарында «Лес» демалыс базасы мен «ATYRAU AVENUE» қонақ үйі бар. Аталған нысандар – өңірде табысты жүзеге асырылған инвестициялық жобалар саналады және тек еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де келетін қонақтардың назарын аударып отыр.

Қазіргі таңда көптеген туристік кешендер медициналық туризм мен сауықтыру бағыттарын дамытып келеді. Бурабай кентінде «Бурабай» халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығы жұмысын бастады. Орталық тұрғындарға травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсетумен қатар, нақты диагноз қою, екі кезеңдік оңалту және санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынады.

Өңір басшысы кәсіпкерлік субъектілерінің жазғы маусымға дайындығының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Марат Ахметжановтың айтуынша, туристік нысандар қонақтарға қолайлы жағдай жасап, сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Өз кезегінде жергілікті билік туристер үшін қауіпсіздік пен барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін болады. Бұл облысқа тұрақты туристік ағын қалыптастырып, саланың орнықты дамуына оң серпін береді.