Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру мәселелері талқыланды

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру мәселелері талқыланды

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын 2029 жылға дейін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру және 2025 жылғы жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері Бурабайда талқыланды. Дөңгелек үстел жұмысына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Кешенді жоспар биылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Құжат курорттық аймақты жаңғыртуға бағытталған. Онда жалпы құны 137,2 млрд теңге болатын 118-ден астам іс-шара көзделген. Оның 64 млрд теңгесі – жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады деп жоспарлануда.

«Щучинск-Бурабай курорттық аймағын кешенді дамуты зор әлеуетке ие. Қабылданған жоспар инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту және туристік қызмет сапасын арттырудың нақты құралына айналуы қажет. Бүгінгі кездесу барлық мүдделі тараптар арасында тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Ақмола облысы – туризмді дамыту жөнінде кешенді жоспары алғашқылардың бірі болып бекітілген өңір. Бұл – Мемлекет басшысының аймаққа айрықша көңіл бөліп отырғанының және Бурабайды дамыту басты басымдықтардың бірі екенінің дәлелі», – деді Марат Ахметжанов.

Өз сөзінде Ербол Мырзабосынов курорттық аймақтың туристер арасында жыл санап танымал болып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы өңірге келген туристер саны 1 миллионға жуықтаған. Оның ішінде шамамен 350 мың адам орналастыру орындарында тоқтаған, бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық.

«Бурабай – табиғи және мәдени ресурстарының бірегейлігімен еліміздегі ең тартымды әрі болашағы зор туристік бағыттардың бірі.

Мемлекет тарапынан өңірді дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Кешенді жоспардың жүзеге асырылуы нәтижесінде шетелдік туристер саны артады, туризм саласындағы жұмыс орындары 22 мыңнан 32,5 мың адамға дейін көбейеді деп күтілуде. Сондай-ақ, 22 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылады. Өңір экономикасындағы туризмнің үлесі 1,4 пайыздан 3,5 пайызға дейін өседі», – деді министр.

Іс-шара барысында Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский жоспардың негізгі бағыттарымен таныстырды. Атап айтқанда, «Ақбура» курортын дамыту, рекреациялық аймақтар құру және Қатаркөл мен Жүкей көлдерінде жаңа туристік орындар ашу көзделген.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды жаңарту және көлік логистикасын жетілдіру жұмыстарын қолға алады. Алдағы жылдары курорттық аймақта жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау және жылу желілерін қайта жаңғырту, сапалы ұялы байланыс пен интернетпен қамтамасыз ету мақсатында антенна-діңгек құрылымдарын орнату жоспарланып отыр. Бұл шаралар курорттық аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлік үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша жақын уақыттағы басым бағыттар мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағында инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық міндеттер айқындалды.