Ақмола облысының аграршыларымен әріптестік орнатуға Эстония делегациясы ерекше қызығушылық танытты. Облыс әкімі Марат Ахметжанов пен өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуде эстон порттары мен логистикалық компаниялары арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланды. Эстония тарапынан келген делегация құрамында ірі логистикалық компаниялардың өкілдері, порт басшылары мен теміржол саласының жетекшілері болды.
Кездесу барысында облыс әкімі Ақмола өңірінің Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің даму әлеуетіне кеңінен тоқталды.
Айта кету керек, 2024 жылы Ақмола облысы мен Эстония арасындағы сыртқы сауда айналымы 112,7 мың АҚШ долларын құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,5 пайызға артқан.
Эстониядағы көлемі бойынша екінші теңіз порты — Силламяэ портының президенті Тийт Вяхи Ақмола облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді:
«Ақмола облысымен бірлесіп жұмыс істеуде зор мүмкіндіктер бар. Әсіресе, логистика мен агроөнеркәсіп салаларындағы байланысқа басымдық береміз. Эстония порттары Қазақстаннан Еуропа елдеріне астық қана емес, майлы дақылдарды да тасымалдауда көпір іспетті рөл атқара алады. Құрамында 69 кәсіпорын бар өндірістік паркіміз Еуроодақ пен ТМД елдері арасындағы жүк тасымалы үшін жиі қолданылады. Ортақ жобалар екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға серпін беретініне сенемін», – деді Тийт Вяхи.
Эстониядағы ең ірі астық терминалы – «Muuga Grain Terminaal» компаниясының бас директоры Ян Липинский өз сөзінде Эстонияның дамыған көлік инфрақұрылымы мен Қазақстанмен жұмыс тәжірибесін ерекше атап өтті. Ол сонымен қатар, Эстония порттарының еркін кеден аймағында орналасуын маңызды артықшылықтардың бірі ретінде атады. Терминал жылдам тиеу және түсіру қызметтерін ұсынып, қуаттылығы 300 мың тонна болатын элеватор арқылы дәнді дақылдарды жеке-жеке сақтау бойынша ең үлкен мүмкіндіктерге ие.
Эстония мемлекеттік теміржол компаниясы – «Eesti Raudtee» вице-президенті Эркки Вейсманн ел аумағындағы теміржол транзитінің тиімді тұстарына тоқталды.
Кездесуде эстон порттарымен ынтымақтастық тәжірибесімен ақмолалық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де бөлісті. Айта кетсек, жыл басынан бері «Вильмир» ЖШС Эстония арқылы 23 мың тонна, ал «Содружество Трейд Восток» ЖШС 27 мың тонна бидай жөнелткен.
Кездесу соңында тараптар аграрлық және өндірістік салалардағы инвестициялық жобалар мен тәжірибе алмасу бағыттарын қоса қамтитын нақты әріптестік бағыттарын бірлесіп пысықтау және диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты.