Тыл еңбеккерінің мерейтойы: Қадиша Бимагамбетоваға – 100 жыл

Тыл еңбеккерінің мерейтойы: Қадиша Бимагамбетоваға – 100 жыл

Жарқайың ауданына қарасты Гастелло ауылының құрметті тұрғыны, тыл ардагері Қадиша Бимагамбетова 100 жасқа толды.

Қадиша Бимагамбетова 1925 жылы 27 мамырда Украина жерінде дүниеге келген. 1930 жылғы ашаршылықта анасы оны туған-туыстарына апарып, кейін әкесіне қайтарады. Алайда елдегі саяси қуғын-сүргін басталып, 1937 жылы атасының бауырларын және өгей шешесін, кейін анасын тұтқындап әкетеді. Қадиша әжесімен ғана қалады. 1941 жылы Еділ бойындағы немістермен бірге Қадиша мен әжесі Қазақстанға жер аударды. Аш-жалаңаш, бір ай бойы жүк вагонында жол жүріп, Ақмола облысына жетеді. Осылайша Қадиша Бимагамбетова қазіргі Есіл ауданына қарасты Сурган ауылы маңындағы «Смычка» колхозына қоныстанады. Аштық пен жоқшылықта күн кешіп, бос үйде тұрады, су ішіп, күніне екі рет қана тамақ ішкен. Қазақ тілін тез үйреніп, қой-ешкі бағып, жүн иіріп, қолдан келген барлық шаруаны жасаған.

«Сізді 100 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз тылда аянбай еңбек еткен ұлы буынның өкілісіз. Сіздің өмір жолыңыз ерлік пен төзімділіктің, аналық махаббаттың үлгісі. Еңбегіңізбен, мейіріміңізбен ауыл өмірінде өшпес із қалдырдыңыз», - деді Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков өз құттықтауында.

1955 жылы Қадиша Бимагамбетова қазақ азаматына тұрмысқа шығып, Жарқайың ауданының Гастелло ауылына көшіп келеді. Жолдасы болып еңбек етсе, Қадиша апа қолғабыс беріп, үй шаруасымен айналысты, бала тәрбиеледі. 1976 жылы жары өмірден өтіп, бар ауыртпалық Қадиша апаның иығына түсті.

Қадиша Бимагамбетова бес баланың анасы, 13 немере мен 28 шөберенің аяулы әжесі. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемесе де, өмірінің өзі  жанұясы, елі үшін жасаған шексіз еңбек. Әсіресе, тоқыма тоқуға құмар болған. Қолынан шыққан әр бұйымнан мейірім мен жылылық сезіледі.

«Анамыз бір ғасыр өмір сүрді және оны абыроймен өткізді. Бүгін біз қандай азамат болсақ, соның бәрі  анамыздың тәрбиесінің арқасы. Сабырлылық пен еңбекқорлықты біз одан үйрендік. Анамызды мақтан етеміз, әр күніне алғысымыз шексіз», - дейді қызы Орынтай Байгенжина.

Бүгінде ол жақындарының қамқорлығында өмір сүріп жатыр және ауылдастарының жүрегінде төзімділік пен еңбекқорлықтың, адами мейірімділіктің символы болып қала береді.