Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз еңбегі ел көзінен тасада қалып жүрген жандар жайлы әңгімелейміз. Солардың бірі — он жылдан бері көлік тізгінін ұстаған, «Бурабай даму» компаниясының алғашқы қызметкерлерінің бірі — Әмірбек Молдыбаев.
Әмірбек компания құрылған күннен бастап жүргізуші ретінде жұмысқа қабылданып, сол уақыттан бері Бурабайдың әр жолын аралап, мыңдаған шақырымды артқа тастады. Туристермен өткен талай кездесулер мен шынайы алғыстар оның кәсіби жолының шынайы бағасы десе болады.
«Мен жай ғана жүргізуші емеспін. Мен – Щучинск-Бурабай курортты аймағына келген туристтің ең бірінші көретін адамы боламын. Сондықтан менің жүргізу мәдениетім, сыпайылығым мен қарым-қатынасым бүкіл курорт жайлы алғашқы әсер қалыптастырады деп ойлаймын»,- дейді .
Ол Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті әлемнің әр бұрышынан келген туристерді тасымалдаған. Америкалықтар, француздар, немістер, арабтар, корейлер мен қытайлар – Әмірбек осы жылдар ішінде талай шетелдік меймандармен жүздесіп, сөзсіз-ақ олардың ойын ұғынуды үйренгенін айтады.
Өз ісіне адалдығы, жауапкершілігі мен тәртіптілігі арқасында Әмірбек Молдыбаев автопарк меңгерушісі лауазымына тағайындалып, бүгінде автокөлік жөніндегі инженер қызметін атқарып отыр. Оның еңбек жолы – мамандығына деген адалдық, үнемі даму мен алға ұмтылудың айқын үлгісі.
Әмірбек — курорт қызметін қамтамасыз ететін негізгі команданың бір мүшесі. Осындай мейірімді де ілтипатты жандар Бурабай туризмінің келбетін қалыптастырып, қонақжайлық рухын ұлықтап жүр.