Бүгін Германияның Франкфурт-на-Майн қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында Ақмола облысының этно-фольклорлық «Орда» ансамблінің концерті өтеді. Өңір басшысы Марат Ахметжанов ұжымның шығармашылығымен арнайы танысып, өнерпаздардың кәсіби деңгейін жоғары бағалап, олардың халықаралық мәдени жобаларға қатысуының маңызың атап өтті.
«Орда» этно-ансамблі — Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармониясы жанынан 2024 жылы құрылған жаңа шығармашылық ұжым. Ансамбльдің басты мақсаты — қазақтың музыкалық мұрасын заманауи өңдеуде кеңінен насихаттау. Ұжым құрамында — дәстүрлі және қазіргі заманғы музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын жеті дарынды мультиинструменталист өнерпаз бар.
Франкфурт қаласындағы бұл концерт — ансамбльдің алғашқы ауқымды халықаралық гастрольдік жобасы болмақ. Шара барысында қазақтың халық әуендері мен неміс сахнасының нәзік эстетикасы үйлесім тауып, көрермендерге өзгеше музыкалық сапар ұсынады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, мұндай шығармашылық ұжымдардың халықаралық деңгейде өнер көрсетуі — ұлттық болмысымызды әлемге танытуға, мәдени дипломатияны нығайтуға зор үлес қосады:
«Ақмолалық өнерпаздардың халықаралық сахнада өнер көрсетуі — біз үшін үлкен мәртебе. Бұл — халқымыздың бай мәдениеті мен төл дәстүрін әлемге танытудың тамаша мүмкіндігі. Сахна саңлақтары өте талантты, біз сіздермен мақтанамыз және сәттілік тілейміз», — деді Марат Ахметжанов.