14-20 мамыр аралығында Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында гір спортынан Азия Чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 8 елден 250-ден астам спортшы қатысты.
Халықаралық деңгейдегі бұл беделді жарысқа Жарқайың ауданынан Жарқайың балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысып, жаттықтырушы Салтанат Халибек басшылық етті. Жарқайыңдық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, жарыс нәтижесінде 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионатының жүлдегерлері Бақытжан Бекзат - «ұзын айналым» және «серпе көтеру» жаттығулары бойынша 2-орын, Нұрсейіт Ансар - «серпе көтеру» бойынша 2-орын, «ұзын айналым» бойынша 3-орын, Швабауэр Артём - «серпе көтеру» бойынша 3-орын орын алды.
«Құрметті демеушілерге және Жарқайың ауданының әкімдігіне үлкен алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біздің командамыз халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп, елге медальдармен оралды. Бұл – баршамыздың ортақ жеңісіміз», - деді гір спорты бойынша жаттықтырушы Салтанат Халибек.
Чемпионат барысында тағы бір қуанышты оқиға орын алды - Салтанат Халибекке гір спорты бойынша Халықаралық дәрежедегі төреші атағы берілді. Арнайы сертификат, куәлік пен төсбелгіні Халықаралық гір спорты одағының төрағасы Игорь Петрович Солодов табыстады.
Бұл - 18 жылдық адал еңбектің, чемпиондарды тәрбиелеу мен Қазақстанда гір спортын дамытуға қосқан үлестің жемісі.
«Спортшыларымызды, жаттықтырушымызды және осы жетістікке үлес қосқан барша азаматтарды құттықтаймын. Біз балаларымызбен мақтанамыз және ауданымыздың абыройын арттыратын жаңа жеңістер мен жетістіктер үшін жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Жарқайың ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айгүл Ашимовна.
Жарқайың командасы елге оралып, тек медаль ғана емес, шабыт, тәжірибе және жаңа биіктерге ұмтылыс алып келді. Бүгінде ауданымызда гір спорты қарқынды дамып келеді бұл спорт түріне қызығушылық танытатын балалар мен жастар саны артып жатыр.