Экологтар күніне орай Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараға 500-ден астам адам - мемлекеттік органдардың, мекемелердің қызметкерлері, оқушылар, еріктілер және аудан тұрғындары қатысты. Көгалдандыру жұмыстары барысында 200-ден астам ағаш көшеті терек, шырша және қарағай отырғызылып, бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға өз үлесін қосты.
Сенбілік аясында Есіл өзенінің жағалау аумағын тазартуға ерекше көңіл бөлінді. Өзен бойында орналасқан барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер Державинск қаласындағы жағалау сызығын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты.
«Таза табиғат әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Мұндай игі істер табиғатқа деген құрметті қалыптастырып, өмір сүруге қолайлы орта құруға мүмкіндік береді. Акцияға қатысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын», - деді Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков.
Акция аясында барлық елді мекендерде Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Таза ойындар» экологиялық сайысы өтті. Бұл қатысушылар қоқысты жинап, сұрыптап, экологиялық тапсырмаларды орындай отырып, ұпай жинайтын командалық жарыс.
Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Державинск қаласында «Экологиялық граффити» арт-жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында қатысушылар табиғатты қорғауға шақыратын ұрандар мен эко-суреттер арқылы қабырғаны безендірді.
«Таза ойындар» және арт-граффити секілді форматтар арқылы біз жастарды экологиялық бастамаларға белсенді түрде тартуға тырысамыз. Бұл қоршаған ортаны қорғау идеясын заманауи әрі қызықты түрде жеткізудің тиімді жолы», - деді Жарқайың ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Асель Молдабай.
«Таза Қазақстан» акциясы Жарқайың ауданында жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық ағарту бағытындағы шаралар жүзеге асырылатын болады.
Ақмола облысында жазғы туристік маусымның ресми ашылуы өтті. Биыл Шучинск-Бурабай курорттық аймағында бір миллионнан астам қонақты қабылдау жоспарлануда.
Жазғы маусымда туристерді қабылдауға Шучинск-Бурабай курорттық аймағы жан-жақты дайындалды. Демалушылар үшін ойын-сауық және отбасылық демалыс аймақтары, су спорт түрлеріне арналған кешендер, балаларға арналған сауықтыру-курорттық демалыс орындары жұмыс істейді. Жүкей көлінің маңында экоглэмпингтер арнайы дайындалған. Ірі туристік нысандарда барлық қонақ үйлер жұмысын бастап, олардың аумағында бассейндер мен ойын-сауық алаңдары жабдықталған. Сонымен қатар туристер үшін арнайы пикник аумақтары, жағажайлар мен көрініс алаңдары қарастырылған.
«Биыл наурыз айында Шучинск-Бурабай курорттық аймағын 2029 жылға дейін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Ол туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 118 іс-шараны қамтиды. Бұл өз кезегінде курорттық аймақты жаңа деңгейге көтеріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Ақмола облысы Туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.
Сонымен қатар биыл этнотуризм мен агротуризм бағыттарын дамытуға баса назар аударылмақ. Бурабай ауданында бұл бағытта бірнеше табысты жоба іске асырылуда. Олардың қатарында марал өсіру шаруашылығы, ара шаруашылығы музейі, ірімшік зауыты, қымыз бен шұбат өндіретін кәсіпорындар бар.
Жазғы туристік маусымның ашылуына орай Бурабайда «SUMMER BURAVIBE-2025» фестивалі өтті. Аталған іс-шараға жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік және отандық туристерден құралған 1500-ден астам адам қатысты. Фестиваль аясында қонақтар үшін тегін фотосессиялар, қолөнер ойындары ұйымдастырылған ойын-сауық аймақтары, бейнероликтер түсіруге арналған интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Сонымен бірге жергілікті өндірушілердің ұлттық және экзотикалық тағамдары ұсынылды. Фестивальдің басты бөлігіне танымал өнерпаздар мен музыкалық топтардың, атап айтқанда Ghetto Dogs, Артур, Беркут, DJ Puza және DJ Old Boy сынды орындаушылардың өнер көрсетуі айналды.
Бурабай ауданына жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледжге барды. Өңір басшысы колледж аумағын аралап, ұжыммен кездесіп, оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен көріктендіру жұмыстарына жоғары баға берді.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі колледж басшысына Алғыс хат пен ақшалай сертификат табыстап, білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесі мен «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясына белсенді қатысқаны үшін ұжымға ризашылығын білдірді.
«Колледж аумағы таза, ұқыпты, ғимараттың іші де жан-жақты ойластырылып безендірілген. Бұл жерден шынайы қамқорлық пен ыңғайлы әрі шабыттандыратын орта құруға деген талпыныс айқын сезіледі. Колледж басқа оқу орындарына үлгі бола алады. Сіздердің «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысып, көгалдандыруға қосқан еңбектеріңіз – ерекше құрметке лайық. Сіздер биік межені белгілеп отырсыздар», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Щучинск педагогикалық колледжі алты мамандық және тоғыз біліктілік бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі таңда мұнда 746 студент білім алуда. Колледж заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған, болашақ педагогтардың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда дамуына және тәрбиесіне қолайлы жағдай жасалған.
Бурабай ауданында тұрғын үй қорын жаңғырту мен қалалық инфрақұрылымды модернизациялау жұмыстары жалғасуда. Осыған орай Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Щучинск қаласына барып, жаңа тұрғын үй құрылысының басталуымен, теміржол вокзалының қайта жаңғыртылуымен және бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
Айта кету керек, Щучинск – облыс бойынша апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы алғаш басталған қала. Бұл бастама ауданның әлеуметтік және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, Циолковский көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл нысан бұрын апатты деп танылған үйдің орнына салынып жатыр. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Коммунистическая көшесінде бұрынғы аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты орнына төрт кіреберісті, 96 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы көзделген.
Облыс әкімі мұндай жобалар тек тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, қалалық ортаның жаңғыруына да серпін беретінін атап өтті.
«Щучинск теміржол вокзалы – бұл курорттық аймақтың қақпасы іспетті. Сондықтан оның қазіргі заман талаптарына сай болуы маңызды. Біз жаңарған вокзал барлық азаматтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болады деп сенеміз», – деді Марат Ахметжанов.
1 маусымнан бастап теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жоба инженерлік желілерді толық жаңартуды, ғимараттың қасбеті мен ішкі әрлеуін жаңғыртуды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы орта қалыптастыруды қамтиды.
Сапар аясында жекеменшік инвестициялық жоба да таныстырылды – қалада жаңа сауда орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Жергілікті биліктің пікірінше, бұл нысан қалалық инфрақұрылымды дамытуға қосымша үлес қосады.
Ақмола облысында өткен Өңірлік инвестициялық штаб отырысында инвестициялық жобаларды іске асыру, өңірдің инфрақұрылымдық дамуын жақсарту, сондай-ақ «AQMOLA» индустриялық аймағын дамыту мәселелері қаралды.
Отырыста облыс әкімі Марат Ахметжанов инвестиция тарту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау ісінде жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Басым бағыттардың бірі ретінде Аршалы ауданында құрылып жатқан «AQMOLA» индустриялық аймағы аталды. Жалпы ауданы 1000 гектарды құрайтын бұл аймаққа қайта өңдеу өнеркәсібі мен логистика саласындағы жобалар орналастырылады деп жоспарлануда.
«Біз үшін инвесторларды тарту ғана емес, олардың жобаларын толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау да маңызды. «AQMOLA» индустриялық аймағы бүкіл өңірдің даму нүктесіне айналуы тиіс», – деді Марат Ахметжанов.
Жиын барысында халықаралық қатысушысы бар компанияларды тарту мүмкіндіктері талқыланды. Импортты алмастыратын өндірістер мен жоғары технологиялық кәсіпорындарға басымдық берілетіні атап өтілді. Атап айтқанда, индустриялық аймақ аумағында экспорттық әлеуеті бар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобасын орналастыру бойынша ұсыныстар пысықталуда.
Сонымен қатар, отырыс күн тәртібінде ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан аудандарда көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Жер телімдерін беру рәсімдерін жеделдету, әкімшілік кедергілерді азайту және инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсету шаралары талқыланды.
Зеренді ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектеп 1970 жылы салынған. Енді бұл ғимарат реновация бағдарламасы бойынша жөндеуден өтетін алғашқы оқу орнына айналады. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аталған мектептегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
«Реновация – бұл жай ғана күрделі жөндеу емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектеп заманауи жабдықтармен, жаңа үлгідегі оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. Яғни, ол жайлы мектеп стандарттарына барынша жақындатылатын болады. Біздің мақсатымыз – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру жағдайындағы алшақтықты жойып, олардың барлығын тең дәрежеде жайлы әрі толық жабдықталған оқу ордасына айналдыру», – деді өңір басшысы.
Жөндеу жұмыстарын көкшетаулық «Сарыарка ЛТД» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгеден асады.
«Мектепте бүгінде 700-ден астам бала білім алуда. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының 30 пайызы аяқталды. Тамыз айында мектеп жаңа оқу жылына толық дайын болады», – деді Зеренді ауданы білім бөлімінің басшысы Динара Кенжеболатова.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударуды тапсырды.
Зеренді ауданында ауыл өмірінің сапасын арттыруға және өңірді дамытуға бағытталған жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Аудан орталығында орналасқан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жаз айының ортасында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал жыл соңына дейін тарихи-өлкетану мұражайы мен көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.
Жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.
Зеренді ауылында салынып жатқан тарихи-өлкетану мұражайы жергілікті тұрғындар үшін бірегей мәдени орталыққа айналмақ. Қазіргі уақытта нысанның іргетасын құю және гидрооқшаулау жұмыстары аяқталып, жылуошақтау жұмыстары жүргізілді. Құрылыс алаңында су құбыры мен кәріз желісін тарту жұмыстары жалғасуда.
Келесі нысан – Ильясов көшесі, 55-үй мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй. Жалпы ауданы 3840 шаршы метр болатын 75 пәтерлі үйдің құрылысын «УК – Строй» ЖШС жүргізуде. Құрылыс барысы туралы компания директоры Манат Мусин баяндады.
Жаңа спорт мектебінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылып жатқан еліміздегі алғашқы жобалардың бірі. Учаске бастығы Алмас Сәлімнің айтуынша, құрылысқа 60 жұмысшы мен 11 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ғимараттың кірпішпен қаланған қабырғалары мен арақабырғалары толықтай тұрғызылып, шатыр монтаждалып, терезелер орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары, еден төсеу және керамикалық плитка орнату жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы 16 қаңтарда басталған болатын. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат екі блоктан тұрады. Онда күрес, бокс, екі жаттығу залы және басқа да бөлмелер орналасады.
Облыс әкімі нысанды биылғы шілде айында толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар, «УК – Строй» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын жарықтандырылған шаңғы-роллер жолын, жаз мезгілінде волейбол, футбол алаңы ретінде пайдаланылатын хоккей кортын және теннис кортын салу міндеттемесін өз мойнына алды.
Көкшетау қаласынан Зеренді ауылына дейінгі ұзындығы 47 шақырым болатын үш жолақты жаңа автожолдың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Жол өткізу қабілетінің артуы Зерендідегі туристік кластердің дамуына да серпін бермек. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жол құрылысымен танысып, мердігер ұйымдармен кездесті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Нұржан Жұкабетовтің айтуынша, бұл учаскеде елімізде алғаш рет үш жолақты қозғалысты ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба екі учаскеге бөлінген: 0–21 шақырым және 21–47 шақырым аралығы.
Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп термопластиктен жол таңбаларын сызу және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Бұл жүргізушілердің қозғалыс бағытын нақты түсінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жол құрылысының толық аяқталуы осы жылдың соңына жоспарланған.
Транспорт инфрақұрылымын дамыту туралы Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл облыста 800 шақырымға жуық жолды салуға және жөндеуге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта «Жезқазған – Петропавл», «Макинск – Ақсу – Торғай», «Көкшетау – Атбасар», «Щучинск – Степняк – Уәлиханов» сияқты ірі жобалар бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, елордаға іргелес елді мекендерді қоса алғанда, ауылішілік жолдарды салу мен жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде.
Өңір басшысы мердігерлердің назарын құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтауға аударды.
«Жұмыс кезеңі өте қысқа. Күн сайын тұрғындардан жолдарды жөндеу туралы өтініштер түсіп жатыр. Қаражат толық көлемде бөлінді және ол тек осы мақсатта пайдаланылуы тиіс. Біз бұл жолдардың сапасын қатаң бақылауда ұстаймыз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ерейментау ауданында ауқымды инвестициялық жоба – «BIG FARM» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінің құрылысы қолға алынуда. Жалпы көлемі 32 мың гектардан астам аумақты қамтитын бұл агроөнеркәсіптік жоба сүт-тауар фермасын, бордақылау алаңын, ет және сүт өңдеу зауытын, сондай-ақ заманауи суару жүйесін іске қосуды көздейді.
Бірінші кезеңде 2 000 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасы салынып, кейіннен оның қуаттылығы 5 000 басқа дейін ұлғайтылмақ. Бұған қоса, 10 000 басқа арналған бордақылау кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар іске қосылады. Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жобаны шетелдік инвесторлар қолдап отыр. Өңірге шетелдік серіктестер делегациясының сапары аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаны бірлесіп іске асыруды көздейді.
«Мұндай жобалар ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп қана қоймай, жұмыспен қамтуды арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және облыстың экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз шетелдік серіктестермен тығыз әрі ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», — деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Өз кезегінде Swarco USA директорлар кеңесінің президенті Кристиан Барриос Марчант өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.
«Біздің мақсат — тек бизнес-жобаны іске асыру ғана емес, сонымен қатар озық технологияларды енгізу, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту. Өңірмен орнатылған серіктестік өзара тиімді болатынына сенімдіміз», — деді Кристиан Барриос Марчант.
Айта кету керек, «BIG FARM» ЖШС жобасы өңірдің агроөнеркәсіптік саласын жаңғырту жолындағы маңызды қадам болмақ. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Ақмола облысының елдегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі ретіндегі орнын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз.
Бүгін Көкшетау қаласында маңызды әрі тарихи шара өтті — Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шараға Қазақстан Тәуелсіздігінің шежіресіне аты алтын әріппен жазылған тұлға қатысты. Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков мерекелік жиынның құрметті қонағы ретінде келіп, салтанатқа ерекше мән-мазмұн қосты.
«Бүгін көк байрағымыздың асқақ желбірегенін көру — зор қуаныш. Ол әрдайым еліміздің үстінде қалықтап, өсуіміздің, рухымыздың, абыройымыздың белгісіне айналсын. Жастар Мемлекеттік елтаңбаның маңызын терең түсінуі қажет — онда халқымыздың бірлігі, еліміздің тұтастығы мен Ұлы даланың даналығы бейнеленген. Бабалар армандаған азаттық — тарих алдындағы ортақ парызымыз. Ал бүгінгі жетістіктер — жас ұрпақтың арқасы», — деді елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
Оның бұл шараға қатысуы — ұлы еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінгі күнге дейінгі ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін рухани көпірге айналды. Жаңа буын отансүйгіштік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті асқақ сезіммен қабылдап, сол эстафетаны жалғастыруда.
«Сізді бүгін еліміздің жүрегі саналатын, Көк байрағымыз биікте желбіреген Ақмола өңірінде қарсы алу — біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік рәміздер мерекесіне қатысуыңыз — бұл ерекше маңызға ие оқиға», — деп қарсы алды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Салтанатты рәсім «Ту тұғыры» монументі жанындағы алаңда өтті. Шараға 500-ден астам адам — ардагерлер, қоғам белсенділері, жас спортшылар, студенттер мен өнер өкілдері жиналды. Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көкке көтеріліп, студенттердің біріктірілген хорымен Әнұран орындалды.
Өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, рәміздердің ұлттық сана мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын жерлестеріміздің халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері айқындай түседі. 2025 жылы Ақмола облысының спортшылары Қысқы Азия ойындарында 11 медаль иеленіп, Хан Яна мен Арина Крюкова шорт-трек пен биатлон бойынша беделді жарыстардың жүлдегерлері атанды», — деді Марат Ахметжанов.
Шара аясында спорт, білім, шығармашылық және қоғамдық салада еңбек еткен азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Мерекенің ерекше бөлігі — Жандарбек Мәлібековтің Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері және оқытушыларымен кездесуі болды. Ашық форматта өткен кездесуде мемлекеттік рәміздердің азаматтықты, патриотизмді және ұлттық рухты қалыптастырудағы рөлі талқыланды.