Ақмола облысының әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, аудан әкімдіктерінің және пробация қызметтерінің өкілдері қатысты.
Ведомствоаралық кеңес барысында соттылығы бар тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу шаралары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, құжаттарды қалпына келтіру, психологиялық көмек көрсету, білім беру бағдарламаларына тарту мәселелері талқыланды.
Облыс әкімдігі бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп Жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттыру, әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын дамыту және жұмыс берушілерді босатылған азаматтар үшін квоталанған жұмыс орындарын құруға ынталандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2025 жылы осы мақсаттарға азаматтық секторды тартуға баса назар аудара отырып қаражат көзделген - өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың табысты кейстері үлгі ретінде ұсынылды. Құқықтық қорғау және қоғамға қайта кірігу үшін жағдай жасау қажеттілігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың іс-қимылын үйлестіру үшін жұмыс тобы құрылды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және рецидивтік қылмысты азайту жөніндегі жүйелі жұмыс бойынша қадамдар белгіленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы жылу көзінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен шамамен 1,1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатқа сәйкес, 2025-2026 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық және кезеңнің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Көкшетау қаласының жылу көзінде (АҚ-2) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Ақмола облысының бюджетіне қаражат аударылады.
Бөлінген қаражат «Көкшетау жылу» кәсіпорнының технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін және бақылау-өлшеу аспаптарының далалық деңгейін және ссу жылытатын тозаң көмір қазандығының автоматикасын, сондай-ақ қазандық агрегатының қыздыру беттерін реконструкциялау, қазандық агрегатының ауа жылытқыштарының текшелерін жөндеу, технологиялық ресурсы таусылған жабдықтардың бірліктерін жөндеу және ауыстыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Еске сала кетейік, Көкшетау қаласының нысандарын жылумен жабдықтау №1 аудандық қазандық (мазут) және №2 аудандық қазандықтары (көмір) арқылы жүзеге асырылады. Алайда жылумен қамтамасыз етудің негізгі көзі тозаң көмірмен жұмыс істейтін №2 аудандық қазандығы болып қала береді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 188,7 шақырым ( 51 км – магистралды, 137,7 км – орамішілік). Желілердің негізгі бөлігі 1977 жылдан бері жұмыс істеп тұр.
2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен ұзындығы 6 шақырым магистралды желі жөнделді, сондай-ақ № 2 және № 3 қазандық агрегаттарына жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде, ағымдағы жылыту кезеңінде тозу көрсеткіші 45%-дан 43%-ға дейін төмендеді, жылу желілеріндегі технологиялық бұзылулар саны 62-ден 47-ге дейін азайды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік орган өкілдерінің, мәслихат депутаттарының және мердігер ұйымдардың қатысуымен Қосшы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Өңір басшысы Қосшының заманауи әрі жайлы қалаға айналуына барлық алғышарттардың бар екенін атап өтті.
«Қосшы – облыстағы ең қарқынды өсіп келе жатқан қалалардың бірі. Халық санының артуы, жаңа шағын аудандардың дамуы, инфрақұрылым мен қызметтерге деген сұраныс билік тарапынан тың тәсілдер мен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өткен жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларына сәйкес, бүгін біз атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді талқылап отырмыз», — деді Марат Ахметжанов кеңесті аша отырып.
Кездесу барысында қатысушылар басым бағыттарды, өзекті мәселелерді талқылап, салалық ведомство басшылары мен қала әкімі Азамат Қапышевтің есебін тыңдады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова Қосшы қаласында бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы және негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмағанын хабарлады. Сонымен қатар, бюджет орындалуы мен салық түсімдері бойынша деректер жарияланды.
«Жалпы оң динамика байқалғанымен, өңірде әлі де резервтер бар. Мысалы, салық тіркеу орнын өзгерткен заңды тұлғаларды өңірге қайта тарту жұмысын күшейту қажет. Бұл бағытта жұмыстар басталды, бірақ әзірге күткен нәтиже жоқ», — деді А.Шүгірмақова.
Инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамыту шаралары жөнінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бақытжан Сапар баяндама жасады. Ол қалада бизнесті дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев қаланың даму қорытындылары мен болашағы туралы айтып берді. Ол Қосшының облыс экономикасындағы үлесі негізгі көрсеткіштер бойынша 7-13% аралығын құрайтынын, бұл қаланың даму қарқынының жоғары екенін көрсетеді деп атап өтті.
Кеңес соңында Марат Ахметжанов су, газ және электрмен жабдықтау бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жедел жүзеге асыруды, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Басты мақсат – есеп беру емес. Біз қаланың тұрғындары нақты сезінетін шынайы нәтижеге қол жеткізуіміз керек», — деп түйіндеді облыс әкімі.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласында азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, үлестік құрылыс, абаттандыру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, Қосшы қаласының тұрғыны Ирина Осипова өңір басшысына «Даймонд парк» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мәселесі бойынша жүгінді. Қала әкімі Азамат Қапышевтің айтуынша, қазіргі таңда ұзаққа созылған құрылыстың түйткілдерін шешу бағытында белсенді шаралар қабылданып жатыр. Жұмысты аяқтау үшін тәжірибелі құрылыс компаниясы тартылып, нысанның құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Осыған ұқсас мәселемен «Құрылтай» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де өтініш білдірді. Марат Ахметжанов қала әкімдігіне және тиісті органдарға жағдайды жан-жақты талдауды тапсырды.
Қала және Қосшы құрамына кіретін Тайтөбе ауылының тұрғындары абаттандыру мен жолдарды жөндеу мәселесін көтерді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, Қосшыдағы жолдарды жөндеуге 6,2 млрд теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары жақын арада басталады деп жоспарлануда.
Қабылдау барысында жалпы саны 100-ге жуық мәселе көтерілді. Марат Ахметжанов әр сұрақты мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсініктемелер беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Көтерілген барлық мәселелердің орындалу барысын өңір басшысы өз бақылауына алды.
2025 жылғы 23 сәуірде елімізде алғаш рет аталып өтіп жатқан Ұлттық кітап күні аясында Ақмола облыстық Магжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Көкшетау – ән ордасы» атты антологияның тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Ақмола облысының әкімі, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, мәдениет қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кітап күнімен құттықтаған өңір басшысы кітаптың жеке тұлға ретінде қалыптасудағы және дүниетанымның дамуына қосатын ерекше үлесін атап өтті.
«Ұлттық кітап күні елімізде алғаш рет 2025 жылғы 23 сәуірде аталып өтілуде. Бұл жаңа мереке Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасына сәйкес белгіленіп, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында енгізілді. Бұл күн — әр жастағы адамдарды кітап оқуға ынталандыру, мәдениетті дамыту, кітапханалар мен кітаптарға деген назарды арттыру жолында маңызды оқиға», — деді Марат Ахметжанов.
Іс-шара барысында «Көкшетау – ән ордасы» антологиясы жобасының авторы, ақын Мерген Тоқсанбай және Магжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспан сөз сөйледі.
Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай Ақмола облысының барлық кітапханаларында «Kitap Avenue» онкүндігі өтті. Аталған жоба аясында «Кітап – ұлттың рухани тірегі» фестивалі, мәнерлеп оқу байқаулары, кітап керуендері, библиокафе, сондай-ақ библиотүн, библиофест, ашық есік күндері, әдеби кештер, ашық аспан астындағы оқу алаңдары және басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ақмола облысында теміржол вокзалдарының ауқымды қайта жаңғыруы биыл аяқталады. Жұмыстар облыстың ірі қалалары мен ауылды елді мекендерін қамтиды. 2025 жылдың соңына дейін Көкшетау, Щучинск, Макинск, Атбасар, Ақкөл, Есіл, Ерейментау, Державинск қалалары мен Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольск, Еркіншілік, Сарыоба және Үленты ауылдарындағы вокзалдар толығымен жаңартылады.
Көкшетаудағы жұмыс сапарында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа вокзалдардың жобасымен танысып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін екі мердігер компания — ТОО «Жарқын Құрылыс» және ТОО «IntegraConstruction KZ», сондай-ақ жобалық ұйымдар — ТОО «АСТРА ЛТД» және ТОО «Ремквит» тартылған.
«Ақмола облысы елімізде бірінші болып құрылыс келісімшарттарын ертең жасайды. Сондай-ақ, еліміздегі вокзалдардың ең көп жаңартылатын саңы біздің өңір. Болашақ жаңартылған Көкшетау вокзалының екі нұсқасы бар. Объектінің ішкі безендірілуі де толықтай өзгертіледі», — деді Владимир Кулаков.
«Қоғам пеікіріне де құлақ асу қажет. Қала тұрғындары өздеріне ұнайтын жобаны таңдауы керек. Вокзал заманауи болуымен қатар, өз архитектуралық тұтастығын сақтауы тиіс. Вокзал алаңы да бір стильде болуы қажет. Бұл — облыс әкімдігі, Көлік министрлігі және «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамының алғашқы бірлескен жобасы», — деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, қайта жаңғырту «көпсалалы» тәсілмен жүзеге асырылмақ — яғни жобалау мен инженерлік зерттеулерден бастап, құрылыс және монтаж жұмыстарына дейін толық жұмыс тізбегін қамтиды. Қазіргі уақытта барлық объектілердің техникалық тексерулері аяқталып, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.
Вокзал маңындағы алаңдарды абаттандыруға да арнайы көңіл бөлінген. Ол алаңдар жаңартылған вокзалдармен бірегей архитектуралық стильде безендірілетін болады.
Сонымен қатар, Көкшетау теміржол вокзалы күн сайын 1800-ден астам жолаушыны қабылдап, 4 бағытта жұмыс істейді: Петропавл, Пресногорьковская, Қызыл-Ту, Астана. Көкшетау теміржол вокзалының басшысы Роза Арыстанқызының айтуынша, вокзал қайта жаңғыртылғанша жолаушыларды перронға жеткізу үшін екі автобус ұйымдастырылмақ. Ал вокзалдың өзі уақытша автовокзал ғимаратына көшіріледі.
Теміржол вокзалының жаңа дизайнына осында дауыс бере аласыз - https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/survey/2035?lang=kk
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау тұрғындарын таза ауыз сумен жақын арада қамтамасыз етуді тапсырды.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы тәулігіне 30 мың текше метрді құрайтын су тазарту құрылғыларының қайта жаңғыртылу барысымен танысты. Бүгінде зертхана ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қажетті жабдықтар жеткізілген.
Жобаға биыл облыстық бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жаңа нысанды іске қосу Көкшетау қаласының ауыз суға деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Сумен қамту Шағалалы су қоймасы есебінен жүзеге асырылады.
Бұған дейін мердігер ұйым жұмысты мамыр айына дейін аяқтауды жоспарлаған. Алайда мерзім маусым айына шегерілді. Осыған байланысты облыс әкімі қайта жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді қатаң талап етті.
Айта кетейік, Шағалалы суының бір текше метрі 2 теңге болса, резервтік Сергеев су қоймасындағы судың құны – 312 теңгені құрайды. Егер жоба 1 маусымға дейін аяқталмаса, облыс әкімі Марат Ахметжанов мердігер ұйым — «Caspian Contractors Trust» ЖШС-ін ай сайын шамамен 135 миллион теңге көлемінде шығын айырмасын өтеуге міндеттеді.
«Қала тұрғындарын таза ауыз сумен жедел қамтамасыз ету — басты міндет. Егер нысанды 1 маусымға дейін аяқтамасаңыздар, барлық қосымша шығынды мердігер өтейді. 1 мамырдан бастап Сергеев желісі арқылы су беруді бастаңыздар, ал маусым айында жоба толық аяқталуы тиіс», — деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жаңа су тазарту құрылыстарын пайдалануға беру Көкшетау қаласының ауыз суға деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға құрылыс жұмыстарына тартылған жұмысшылар санын және жұмыс барысының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарының кешеуілдеу мәселесін биыл шешу қажет. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында айтты. Аймақ басшысы ұзақ уақыт бойы аяқталмай жатқан тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
2020 жылдан бастап Көкшетау қаласында 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, әлі аяқталмаған. Қазіргі таңда осы нысандар әртүрлі дайындық деңгейінде тұр, сондықтан әр жағдай жеке қаралды. Мысалы, Сарыарқа шағын ауданында А және Б позицияларындағы екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Бұл екі үйдің пайдалануға берілуі биылға жоспарланған.
Мердігер ұйымның өкілдері бірінші позициядағы құрылыс жұмыстарының мерзімінени кешігуі жұмыс күшінің жетпеуіне байланысты екенін түсіндірді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 60%-ы орындалған, оның ішінде қаңқасы мен сыртқы қабырғалар монтажы бар. Екінші позицияда сыртқы инженерлік желілердің жоқтығы және құрылыс материалдарының жеткізілуімен байланысты мәселелер туындаған. Бұл екі жобаның жүзеге асуы 100-ден астам қала тұрғынын арзан баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аяқталмай қалған құрылыс нысандарының жағдайы туралы Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, Сарыарқа шағын ауданында бірқатар күрделі нысандар бар. Бұл тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының тұралап қалуына мердігер ұйымдардың өзара үйлесімді жұмыс істемеуінен және жоба құжаттарының жеткіліксіздігінен туындаған қиындықтар себеп болған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының баяу жүруі инженерлік коммуникациялардың болмауына және жұмыс қарқынының төмен болуына байланысты.
Марат Ахметжанов мердігер ұйымдардың өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескертті.
«Бұл жобалардың барлығын неге мерзімнен кешігіп жатқанын анықтау керек. Аяқталмай қалған нысандар тек құрылысқа ғана емес, инфрақұрылымға, оның ішінде жолдарға да әсерін тигізеді. Қалада 800-ден астам пәтер аяқталмай жатыр. Осы себептен қала дамымай отыр. Біз адамдардың өз пәтерлерін жылдар бойы күтіп отыруына жол бермейміз», - деді облыс әкімі.
Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы мердігер ұйымдарға биыл сегіз құрылыс нысанын аяқтауды тапсырды. Бұл нысандардың бір бөлігіне қала әкімдігі, ал екінші бөлігіне «Көкше» әлеуметтік даму корпорациясы жауапты болады.
Светлана Юрьевна Орехова өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын аграрлық салаға арнады. Оның есімі бүгінде Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы саласында кәсібилік пен адалдықтың символына айналған. Еңбек жолын Арқалық ауданының «Целинный» кеңшарында бастаған ол соңғы 22 жыл бойы Жарқайың ауданындағы «Жер-1» ЖШС тұқым шаруашылығының агрономиялық қызметін басқарып келеді.
1991 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдаған. Десе де, агрономия саласындағы шынайы еңбек жолы әлдеқайда ерте – 1978 жылы басталған. Сол уақыттан бері ол тек заман ағымына ілесіп қана қоймай, өзі де саланың дамуына серпін берді – пестицидтермен тәжірибе жасап, зығыр, қарақұмық, күнбағыс секілді жергілікті жағдайға бейімделген жаңа сорттарды енгізіп, аймақтағы егіншілік саласында тың серпіліс жасады.
Светлана Юрьевна А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен және Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясымен тығыз байланыс орната білді. Оның басшылығымен «Жер-1» шаруашылығы алғашқылардың бірі болып жетілдірілген бидай сорттарын тәжірибеге енгізіп, бүгінде ол сорттар тек өз шаруашылықтарында ғана емес, бүкіл аудан аумағында кеңінен егілуде.
Светлана Орехованың тәжірибесі мен білімін тек әріптестері ғана емес, аймақтан тысқары жерлерде де жоғары бағалайды. «Жер-1» элиталық шаруашылығының тұқымдарын Ақмола мен Қостанай облыстарының диқандары да белсенді қолдануда. Ол өз үлгісімен жас мамандарды қанаттандырып, болашақ отандық егіншіліктің негізін қалап келеді.
«Жермен жұмыс істеу – бұл жай ғана мамандық емес, бұл жан дүниеңнің бір үлкен бөлігі деп білемін. Мен бала кезімнен-ақ болашағымды егінмен, дала жұмысымен байланыстыратынымды білдім. Әр маусым – жаңа тыныс, жаңа үміт сияқты», – деп бөлісті Светлана Орехова.
Кәсіпке деген адалдығы үшін Светлана Орехова «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. Алайда ол үшін ең үлкен марапат – әріптестерінің сенімі мен жыл сайынғы жоғары өнім көрсеткіштері. Бұл жетістіктердің артында толассыз еңбек пен мол тәжірибе, туған жерге деген шексіз махаббат жатыр.
Бүгін Астанада экология мен тұрақты даму мәселелеріне қоғам назарын аударуға бағытталған ауқымды «Таза Қазақстан» эко-фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысты.
Фестиваль аясында Ақмола облысындағы «Bolashaq saraiy» оқушылары екі бірегей жобаларын ұсынды.
Бірінші жоба — FOREST FIRE ALARM SYSTEM — орман өрттерінің алдын алу және ерте анықтауға бағытталған. Жүйе орман алқаптарына орнатылған температура, түтін және иондық датчиктердің көмегімен қауіп-қатерді уақтылы анықтауға және өрттің таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Жоба авторлары: Ерікұлы Ескендір, Ильясов Арнур, Асылбек Мұхамед.
Жетекшісі: Қожахметов Мұратбек Бейсембайұлы.
Екінші жоба — GREEN BOTTLE — пластикалық бөтелкелерді 3D-баспаға жарамды жіпке қайта өңдеудің инновациялық тәсілін ұсынады. Жоба пластикалық қалдықтарды азайтуға және «жасыл» технологияларды дамытуға бағытталған, қайта өңдеу үдерісін пайдалы әрі қызықты етеді.
Жоба авторлары: Қайрат Ерасыл, Жамбулов Санжар
Жетекшісі: Аминов Алихан Булатович