Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Құжаттар
Әкім аппараты
Все материалы
01 мая 2025
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Бұл мереке біздің көпұлтты елімізде тұратын әрбір адамға жақын әрі қымбат.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бірлік пен ынтымақ, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – осынау мызғымас қағидаттардың барлығы еліміздің ілгері дамуының негізін құрайды. Осы қағидаттарға сүйене отырып, біз өзіміздің тәуелсіздігімізді сақтап, одан әрі ілгерілете және одан әрі қарай жалғастыра аламыз» деген болатын.

Бұл сөздер Қазақстанның кең ауқымды мәдениеті мен дәстүрлерін баға жетпес байлығымызға айналдырған мемлекетіміздің іргелі қағидаларын жақсы көрсетеді. Ынтымақ, бірлік, отансүйгіштік ұлттық кодтың өзегіне айналды.

Биыл бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын тойлап жатқанымыздың символдық мәні бар. Ассамблея жұмыс істеген жылдар ішінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға, бірлік пен теңдіктің, татулық пен келісімнің шынайы символына айналуға өлшеусіз үлес қосты.

Республикамыз бен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы барлық негізгі жетістіктер бүкіл этнос өкілдерінің бірлігінің, достығы мен қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болғанын атап өтпеске болмайды. Біздің әл-ауқатымыздың іргетасына айналған бұл іргелі құндылықтар бүкіл әлем жаһандық қақтығыстар мен ауыр катаклизмдерді бастан кешіріп жатқан бүгінгі күні ерекше маңызды.

Болашақта бірлігімізді нығайтып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, барлық қиындықтарды абыроймен жеңіп, жаңа табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Құрметті жерлестер!

Осы мереке күні біздің әрқайсымыз достығымыз бен келісіміміздің, бірлігіміз бен бір-бірімізге деген құрметіміздің бізге қаншалықты қымбат екенін ерекше сезінеміз. Баршаңызға бейбітшілік пен келісім, зор денсаулық, амандық және өзара түсіністік тілеймін! Сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасы көркейіп, гүлдене берсін!

30 апреля 2025
Ақмола облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста кәсіподақ ұйымдары, жұмыс берушілер, сондай-ақ өңірдің аудандық және қалалық әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында әлеуметтік төлемдер мен жалақы бойынша берешекті өтеу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері, сондай-ақ білім басқармасы мен білім беру қызметкерлері кәсіподағы арасындағы келісімнің орындалу нәтижелері талқыланды.

Әлеуметтік төлемдер бойынша берешек мәселесі жөнінде Бұланды және Шортанды аудандарының ұйымдарында аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне аудандар, Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалалары әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің пайда болуына жол бермеу мақсатында кәсіпорындармен және шаруашылық субъектілерімен жұмысты күшейту ұсынылды.

Жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша берешек мәселелері бойынша Аршалы ауданындағы «Михайловское» ЖШС және Көкшетау қаласындағы «Тыныс» АҚ басшылары тыңдалды. Жұмыс берушілер кәсіпорындардағы берешекті осы жылғы мамыр айының соңына дейін өтеу бойынша міндеттемелер алды.

Сонымен қатар кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және өндірістік жарақат алу жағдайларын болдырмау мәселелері бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

29 апреля 2025
Astana Hub резиденті атанған IT-компаниялар салықтардан толықтай босатылады

Ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін компаниялар Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің резиденті бола отырып, бірқатар салықтық жеңілдіктерге ие бола алады. Атап айтқанда, олар корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан, жеке табыс салығынан және әлеуметтік салықтан толықтай босатылады.

Astana Hub-тың Ақмола облысындағы филиалының мәліметінше, бұл бастама цифрландыру үдерісін жеделдетуге және отандық IT-секторды қолдауға бағытталған.

Филиал басшысы Диан Айбашпановтың айтуынша, бүгінде өңірде 12 IT-компания технопарк резиденті мәртебесін алып, ұсынылған жеңілдіктерді пайдаланып отыр:

«Astana Hub – бұл салықтық жүктемені азайтудың ғана емес, жобаларды кеңейту мен шетелдік нарықтарға шығудың тиімді алаңы. Мемлекеттік қолдаудың арқасында IT-компаниялар өз өнімдерін дамытуға, инновацияларды енгізуге толықтай көңіл бөле алады», – деп атап өтті ол.

Мұндай жобалардың бірі – Okushy платформасы. Оның негізін қалаушы – Асель Абдрахманова. Бұл стартап – білім беру курстарының маркетплейсі мен оқу орталықтарына арналған CRM жүйесін біріктірген бірегей экожүйе.

«Цифрлық шешімдер білім беру нарығын түбегейлі өзгерте алады. Astana Hub ұсынған салықтық жеңілдіктердің арқасында біз технологияны жетілдіруге, маркетингке инвестиция құюға және аудиторияны кеңейтуге мүмкіндік алдық», – деді Асель Абдрахманова.

Okushy платформасы бүгінде жүздеген курсты бір ортаға біріктіріп, пайдаланушылар мен оқу орталықтары үшін ыңғайлы қызмет ұсынып отыр. Стартаптың алдағы жоспары – платформаны еліміздің басқа өңірлеріне тарату және мемлекеттік білім беру жүйелерімен интеграция жасау.

Astana Hub ұсынған қолдау бағдарламасы жалғасуда. Резидент болу үшін Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, технопарктің ресми сайтында өтінім беру қажет.

 

28 апреля 2025
Ақмола облысы KITF 2025 көрмесінде туристік әлеуетін таныстырды

Алматы қаласында «Туризм және Саяхат» атты Қазақстан халықаралық көрмесі — KITF 2025 табысты өтті. Бұл шараға әлемнің 30 елінен 500-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында туристік ұйымдар, туроператорлар, әуе компаниялары, қонақ үй бизнесінің өкілдері мен туризмнің болашағына серпін беретін IT-компаниялар болды.

Ақмола облысы көрмеге мазмұнды экспозиция ұсынып, аймақтың туристік әлеуетін жан-жақты таныстырды. Басты назар Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабай курортына аударылды. Бурабай көркем табиғатымен, ерекше микроклиматымен, көлдері мен тауларымен танымал. Бұл мекен отбасылық демалысқа да, сауықтыру, экологиялық және белсенді туризм түрлеріне де таптырмас орын саналады.

Сонымен қатар, Ақмола облысы өзге де курорттық аймақтардың мүмкіндіктерін, этнотуризм бағыттарын, шипажай-курорттық емдеу орындары мен маусымдық туристік маршруттарын таныстырып, олардың жыл сайын шетелдік және отандық туристер арасында сұранысы артып келе жатқанын көрсетті.

Туризмді дамыту бағытында Ақмола облысының туризм басқармасы мен Ташкент облысының туризм басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы келісім аясында мамыр айында өзбекстандық туроператорлар Бурабайға келіп, бірлескен туристік бағыттарды әзірлеу жоспарланған.

Сонымен бірге, Kazakh Air, Fly Arystan және SCAT әуе компанияларымен туристер ағынын қамтамасыз ету шартымен қосымша әуе рейстерін ашу туралы келісімге келді. Бұл жұмыстар туроператорлармен бірлесіп жүзеге асырылады.

KITF 2025 көрмесіне қатысу Ақмола облысы үшін халықаралық әріптестікті нығайтып, жаңа жобаларды таныстырып, өңірдің бірегей табиғи және мәдени мұрасын инвесторлар мен саяхатшыларға кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік берді.

28 апреля 2025
Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау жүйесін салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

 Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салу жобаларын жүзеге асыруда.

Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінді. Жобаны іске асыру нәтижесінде халық 100% орталықтандырылған сумен қамтылады. Қазіргі таңда шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы, желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ал ресми деректерге сәйкес, бүгінде Қосшыда 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деп болжануда.

Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен бүгінде 45 шақырым бойынша жұмыс аяқталған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 млн теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді тетігіне айналды. Бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту сияқты салалардағы 280-ге жуық жобаны іске асыруға қаражат бөлінді.

#Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия #Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #су ресурстары #Өңірлер

 

26 апреля 2025
Марат Ахметжанов: «Тұрақты экономиканың берік іргетасы – инвестиция»

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиында Аршалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және болашақ перспективалары талқыланды. Басқосуға мердігер ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар мен облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиынды аша отырып, өңір басшысы қаралып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды.

«Біз мұнда ресми есептер тыңдау үшін емес, аудан экономикасының қазіргі жағдайын саралап, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қандай қадам жасау қажеттігін талқылау мақсатында жиналдық. Аршалы ауданы өңірімізде ерекше орын алады. Астананың іргесінде орналасуы ауданға қосымша мүмкіндіктермен қатар, жоғары талаптар да жүктеледі. Әсіресе инвестиция тарту мәселесіне баса мән беру қажет. Өйткені инвестиция – ауданның дамуының негізгі тетігі. Бұл – жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына, салықтық түсімдердің артуына жол ашатын маңызды ресурс. Әрбір тартылған теңге – ауданның өркендеуіне және тұрғындарымыздың өмір сүру сапасының артуына қосылған үлес», – деді Марат Ахметжанов.

Аудан экономикасының қазіргі жай-күйі туралы Алмагүл Шүгірмакова баяндама жасады. Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың жеті негізгі көрсеткішінің ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспар орындалмаған. Сондай-ақ ол жүргізілген талдау барысында аудандық есептік мәліметтер мен ресми статистика деректері арасында алшақтықтар анықталғанын атап өтті.

«Облыс бойынша кірістердің оң динамикасына қарамастан, қосымша қаражат көздерін ұлғайтуға мүмкіндік беретін резервтер жеткілікті. Бұл бағытта жұмысты күшейту қажет. Мысалы, басқа өңірлерге көшкен заңды тұлғаларды салықтық есепке қою мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде, алайда әзірге нәтижесіз болып отыр», – деді басқарма басшысы.

Инвестиция тарту және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшылары Бахытжан Сапар мен Нұрбек Бадыраков баяндады.

Жиында, сондай-ақ, Аршалы ауданында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылған. Оның негізгі мақсаты – заңсыз әрекеттердің алдын алу және анықтау. Биылғы сәуір айында аталған топ Бабатай ауылында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру фактілерін тіркеп, қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушыларды тіркеу бойынша мониторинг жұмыстарын жалғастыруда.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық көтерілген мәселелерді ерекше бақылауға алып, аудан аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

26 апреля 2025
«Таза Қазақстан»: Ақмола облысында жыл басынан бері 2,3 миллион көшет отырғызылды

Ақмола облысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде қатысып келеді. Бүгінгі таңда 340 гектар жерге 2,3 миллионнан астам көшет отырғызылды. Акцияға облыстың барлық өңірлері жұмыла қатысуда.

Бүгін акция Аршалы ауданында жалғасын тапты. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындармен, еріктілермен, депутаттармен және еңбек ұжымдарымен бірге қатысып, Аршалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағына 100-ден астам қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды.

«Бүгінде біз бүкіл еліміз бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып жатырмыз. Бұл – еліміздің болашағы мен келер ұрпақтың саулығы үшін жасалып отырған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жуырда экофестивальге қатысып, баршаны табиғатты аялап, туған жердің тазалығын сақтауға шақырды. Президентіміз экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әр азаматтың жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті. «Таза Қазақстан» – тек қоқыс жинау ғана емес, бұл – сана-сезімнің жаңғыруы, әр адамның туған жеріне деген жанашырлық сезімін ояту», – деді өңір басшысы.

«Бұл біз үшін жай ғана акция емес. Әр отырғызылған көшет – ауаның тазарып, табиғаттың көркейіп, болашаққа деген үміттің артуына қосылған бір тамшы өмір», – деп пікір білдірді акцияға қатысушы Кристина Киютина

Аудан тұрғындары да бастаманы қолдап, қоршаған ортаның тазалығы үшін мұндай шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

«Қоқыс жинап, ағаш отырғызу арқылы біз тек өзімізге ғана емес, бүкіл планетаға көмек көрсетеміз», – деді Избасар Нұрболат.

Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2025 жылға дейін Ақмола облысында 2000 гектар аумаққа 14 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

25 апреля 2025
Марат Ахметжанов Целиноград ауданындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың ашылуын жеделдетуді тапсырды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өткізді. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, мердігер ұйымдар, мәслихат депутаттары мен аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Жиынды аша отырып, өңір басшысы елордаға іргелес орналасқан Целиноград ауданының стратегиялық маңызын атап өтті.

«Ауданда агроөнеркәсіптік кешен белсенді дамып келеді, ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері жұмыс істейді. Мұның бәрі басқаруда икемді және ілгері қадамдарды қажет етеді», – деді Марат Ахметжанов.

Ол ауданның дамуының негізгі тетіктерінің бірі – инвестиция тарту екенін баса айтты.

«Инвестиция – экономикалық өсімнің, жұмыс орындарын құрудың және инфрақұрылымды дамытудың негізі. Біз бизнестің бастамасын күтіп отырмауымыз керек. Олардың пайда болуына жағдай жасап, жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеуіміз, туындайтын мәселелерді жедел шешуіміз қажет. Бүгінде мемлекет бюрократиялық рәсімдерді қысқартуды қамтамасыз етті», – деді облыс әкімі.

2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша баяндама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгурмакова негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы атап өтті. Дегенмен кейбір салаларда өндірістің төмендегенін айтты. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде – кірпіш өндірісі, ауыл шаруашылығында – жұмыртқа өндіру көлемі азайған. Бұл бағыттағы нақты көлем индексі небәрі 7,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артқанына қарамастан, жеке инвестициялар көлемі төмендеген. Сонымен қатар ауданның кіріс көздері бойынша резервтері бар, заңды тұлғаларды салықтық есепке қою жұмысы жүргізілуде.

Ауданға инвестиция тарту мәселесі бойынша салалық басқарма басшысы Бақытжан Сапар, агроөнеркәсіптік сектордағы негізгі көрсеткіштердің орындалуы туралы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков баяндама жасады. Аудан әкімі Дарын Сабырғали өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі қоғам белсенділеріне заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар аудан әкімдігіне әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың пайдалануға берілуін жеделдетуді, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды, инвестиция тарту бойынша шараларды күшейтуді және нақты салынған қаражат көлемін дәл есепке алуды тапсырды.

«Әлеуметтік-экономикалық даму – бұл бір сәттік нәтиже емес, бұл – үнемі жалғасып отыратын процесс. Ол барлық басқару деңгейлерінің үйлесімді жұмысы мен жоғары жауапкершілігін, нақты нәтижеге бағытталған ұстанымды талап етеді. Алдымызда Астананың агломерациясын дамыту жөніндегі Кешенді жоспарды іске асыру міндеті тұр. Бұл – экономикалық өсімді жеделдетуге, жаңа инвестиция тартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға зор мүмкіндік. Аталған шаралардың тиімді жүзеге асуы – ауданның болашағы үшін аса маңызды, – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

25 апреля 2025
Ақмола облысы әкімі Целиноград ауданында азаматтарды жеке қабылдау өткізді

Целиноград ауданында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға 50-ден астам адам жазылып, 30-ға жуық мәселе көтерілді. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік сипатта болды. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, Қоянды мен Талапкер ауылдарының инфрақұрылымын дамыту сынды өзекті сұрақтар қозғалды.

Кездесу барысында Марат Ахметжанов Қоянды ауылында қоқыс өңдеу орталығын салу мәселесіне тоқталып, инвестор ұсынған жобаны барлық тиісті ведомстволар мен ұйымдардың қатысуымен мұқият қарастыруды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – аудандық емхана ұжымындағы жағдай болды. Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі жан-жақты тексеру жүргізуді жүктеді.

Сондай-ақ өңір басшысы Астаналық агломерацияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында салынатын мемлекеттік иттерге арналған орын туралы да ақпарат берді. Аталған нысан бұралқы иттердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қабылдау кезінде азаматтарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша жан-жақты түсініктемелер берілді. Көтерілген әрбір өтініш бойынша жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Терең талдауды қажет ететін сұрақтар облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.

«Темірдей тәртіпті тек билік өкілдерінде ғана емес, халықтың өзі де ұстануы керек», – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.

 

25 апреля 2025
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы санағына дайындалып жатыр

2025 жылы Қазақстан ауқымды статистикалық науқанға – ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындалып жатыр. Бұл маңызды шара алдағы жылдары аграрлық саланың қалай дамитынына тікелей әсер етпек. Әсіресе, ел халқының жартысынан астамы ауыл шаруашылығымен айналысатын Ақмола облысы үшін бұл санақтың маңызы ерекше.

Санақтың басты мақсаты – елдің ауылдық аймақтарында нақты не болып жатқанын шынайы әрі толық көрсету. Атап айтқанда  ауылда кім  қандай шаруамен айналысады, кімнің қанша жері, техникасы, малы бар, қандай мәселелері бар және мемлекеттік қолдауды кімге қалай бағыттау қажет екенін анықтау мақсатында.

Бірінші кезең 2025 жылдың маусым айында басталады. Бұл кезде интервьюерлер алдын ала дайындық жүргізіп, ауыл тұрғындарымен жұмысқа кіріседі. Негізгі кезең – 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Бұл кезеңде ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан бастап, шағын шаруашылықтарға дейін түгел қамтылады.

Азаматтарға деректерді тапсырудың екі жолы ұсынылады: sanaq.gov.kz порталында онлайн түрде немесе интервьюер арқылы.

Бүгінде өңірде жұмыс топтары құрылып, қызметкерлерге оқыту жұмыстары жүргізілуде. Пилоттық сауалнамалар санақ жүйесінің кең ауқымды жұмысқа дайын екенін көрсетті. Ұйымдастырушылар атап өткендей, барлық дерек құпия сақталады, ал санаққа қатысу – әр азаматтың ауыл болашағына қосқан үлесі.

Ақмола облысының аудандарында санақшылар  жұмысын қамтамасыз ету, техникалық жабдықтау, көлікпен қамту, нақты мекенжайларды анықтау, сауалнама жүргізуге қолайлы орындарды белгілеу сияқты жұмыстар атқарылып жатыр.

Бұл сөздер тек ұран ғана емес – өмір шындығы. Аграрлық сала – еліміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сондықтан бұл саланың артында нақты адамдар, еңбеккерлер, отбасылар тұр. Солардың үні естіліп, еңбегі бағалануы үшін дәл осындай санақ маңызды.

Қазір ауыл тұрғындары бұл бастаманы бұрынғыдай формалдылық емес, өз өмірін, мәселесін, еңбегін көрсетуге мүмкіндік ретінде қабылдай бастады. Ал бұл – ауылдың шынайы келбетін айқындауға жасалған үлкен қадам.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы