Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және құрылыс саласындағы жобалармен танысты. Кездесу барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов өңірде өнеркәсіп пен құрылыс саласына ерекше көңіл бөлінетінін айтып өтті.
Атап айтқанда, министр 1700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған, 12 мың тоннаға жуық алтын өндіретін «Altyntau Kokshetau» АҚ асыл металл кендерін өндіру және өңдеу бойынша негізгі ірі кәсіпорында болды.
Министр кәсіпорынның даму перспективаларымен, оның ішінде Васильковское кен орнындағы пайдалану мерзімін 2039 жылға дейін ұзартатын жерасты өндіру әдісіне көшумен танысты. Жобаға шамамен 700 млн доллар инвестиция салу жоспарлануда. Әкімдікке жобаны жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселелерін әзірлеуді жеделдету тапсырылды.
Министр сондай-ақ машина жасау саласындағы кәсіпорындар – «Камаз Инжиниринг» ЖШС мен «КАИК» ЖШС-де болды.
«Камаз Инжиниринг» ЖШС – жүк көліктерін, самосвалдарды және арнайы техникаларды құрастыратын кәсіпорын, онда өткен жылы 83,5 млрд теңгеге жүк және арнайы техниканың 1500-ден астам бірлігі шығарылған. Министр кәсіпорынды локализациялауды кезең-кезеңімен арттыру және ынтымақтастық байланыстарын тереңдету міндетіне тоқталды.
Ауыл шаруашылығы және коммуналдық арнаулы техника шығаратын «КАИК» ЖШС қызметімен танысқан министр өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігін де атап өтті.
Сонымен қатар, сапар аясында министр «ENKI» ЖШС құрылыс өнімдерін шығаратын кәсіпорында болып, Көкшетау қаласында тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеу аясында жүзеге асырылып жатқан екі тұрғын үй кешенін салу жобаларына назар аударды. Ол құрылысты аяқтау мерзімін сақтаудың және құрылыс кезінде жоғары сапалы жобаларды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, кәсіпкерлермен кездесу барысында өндірісті кеңейту, импортты алмастыру, өткізу нарықтарын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Ақмола облысы әкімінің өкімімен Қасенов Болат Негметжанұлы Ақмола облысының дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Болат Қасенов Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын және «Фемида» заң академиясын аяқтаған.
Еңбек жолын 1987 жылы бастаған. 1994–2009 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінде қызмет атқарған.
2011 жылдан бері Ақмола облысының дін істері саласында еңбек етіп келеді. Басқармада жетекші маманнан бастап, діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
2017–2019 жылдар аралығында басқарма басшысы қызметін атқарып, кейін 2019–2020 жылдары ішкі саясат басқармасының дін істері бөлімін басқарған.
2020 жылдан бастап конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы қызметін атқарды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың қазіргі жағдайын бағалап, жедел шешімдер қабылдау мақсатында әуеден шолу жүргізді.
Тікұшақпен ұшу бағыты Астрахан және Бұланды аудандарындағы ең осал елді мекендерді қамтыды. Бұланды ауданында су тасқынына бейім учаскелер мен өзен арналары тексерілді. Жағдай жөнінде аудан әкімі Ардақ Смаилов мәлімдеді.
Одан әрі бақылау Астрахан ауданына жалғасып, Қалқұтан өзені мен елді мекендердің жағдайы қаралды. Ақмола облысы ТЖД басшысы, полковник Бақытжан Алашов өзен арналарының қозғалысы, ықтимал мұз кептелістері мен жару жұмыстары жүргізілуі мүмкін орындар туралы ақпарат берді.
Инспекция қорытындысы бойынша қорғаныс дамбаларын нығайту, су бұру жүйесін қатаң бақылауға алу және төтенше жағдайлар қызметінің кез келген жағдайға дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Үкімет басшысының тапсырмасымен Бұланды ауданындағы ахуалмен танысты.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловпен бірге Макинск қаласындағы су тасқыны қаупі бар барлық аумақтар араланып, жағдай жіті тексерілді.
Бүгінде ауданда су тасқынының салдарын жою бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Макинск қаласында қалпына келтіру іс-шаралары белсенді түрде атқарылуда. Облыстық жедел тасқынға қарсы штабтың шешімімен су еркін өтуі және тұрғын үйлерді су басудан сақтау мақсатында облыстық маңыздағы автожолдың белгілі бір бөлігі бұзылып, суға жол ашылды. Жедел қабылданған шаралардың арқасында су деңгейі бір метрге төмендеді.
Қазіргі таңда Макинск қаласының 12 учаскесінде жұмыс жүріп жатыр. Құтқару шараларына Көкшетау, Қарағанды, Астана және Атбасар қалаларынан келген ТЖ бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар мен М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары жұмылдырылған. Барлығы 319 адам, 86 техника, 30 мотопомпа, 5 ПНС және 2 жүзу құралы тартылған.
Сапар қорытындысы бойынша су тасқынының салдарын жою жұмыстарын жедел жүргізу, аулалар мен жеке тұрғын үйлерден суды толық сорғызып, бағыттау, су деңгейі түскеннен кейін бүлінген жол учаскелерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аталған мәселе Үкіметтің жіті бақылауында.
Бұланды ауданындағы жағдай бойынша келесіні хабарлаймыз
Бұланды ауданының орталығында бөгеттерді бекіту және қапшықтар төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Макинск қаласында облыстық маңыздағы автожол мен құс фабрикасына баратын тас жол учаскелері ашылып, Төтенше жағдайлар министрлігінің күшімен су сору жұмыстары жүзеге асырылуда.
Қала аумағындағы су арықтар мен су өткізгіш жүйелер арқылы су қоймаларына қарай ағып жатыр.
«Макинск құс фабрикасы» ЖШС нысанын су басу қаупі жоқ. Кәсіпорын қалыпты режімде жұмыс істеп тұр.
Бұланды ауданында су тасқынына байланысты облыстық жедел штаб ашылды. Штабтың төрағасы облыс әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Рамиль Камалов және тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Штабтың шешімімен су ағынын еркін өткізу мақсатында облыстық маңызы бар автожолды ашу туралы шешім қабылданды.
Су тасқынын жою шараларына жергілікті азаматтық қорғаныс күштерінен бөлек, Көкшетау, Атбасар және Астана қалаларынан да бөлімшелер тартылуда. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінен қосымша күштің келуі күтілуде. Макинск қаласында инертті материалдармен толтырылған қаптарды орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 246 адам жеке құрам, 15 техника бірлігі, 1 қайық және 23 мотопомпа жұмылдырылған. Сонымен қатар, М.Габдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 76 курсанттары да оқиға орнына келді. Бұдан өзге, Ішкі істер министрлігінің 70 қызметкері мен 52 техника бірлігі де іске қосылған.
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, соңғы тәулікте Бұланды ауданында жауған жауын-шашын мөлшері орташа айлық нормадан 169 пайызға асып түсті.
Тал суының күрт көбеюіне байланысты қажетті жедел шаралар қолға алынуда.
Оқиға орнына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов келді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы Прохоро-Колоколов су қоймасының жағдайымен танысты. Қазіргі уақытта бөгет қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Байсуат ауылына су тасқынының жолын кесу мақсатында облыс әкімі айналма арнаны кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмыстарға 7 камаз жүк көлігі мен 2 жүктегіш техника жұмылдырылған.
Вознесенка және Журавлевка ауылдарында су басу қаупі жоқ. Даладағы еріген қар суы табиғи арналар – Боқсұқ, Қайрақты және Мат өзендері арқылы өтіп жатыр.
Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Иванковка ауылындағы жағдаймен де танысты. Мұнда су аумақ ауыл тұрғындары тұрмайтын көше бойында жиналған. Барлық отбасылар қауіпсіз жерлерге көшірілген. Бұған дейін су тасқыны салдарын жою аясында жаңа тұрғын үйлер салынған болатын.
Журавлевка ауылында облыс әкімі Бұланды және Астрахан аудандарының әкімдерімен, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жедел кеңес өткізді. Капитоновка мен Журавлевка ауылдарының әкімдері өз елді мекендеріндегі жағдай жөнінде баяндама жасады. Қазіргі таңда Боқсық өзенімен су қалыпты ағып жатыр, өзен бойында мұз кептелістері бар, бұл учаскелерде жару жұмыстары жүргізілуде.
Макинск қаласында еріген қар суы арық жүйесі арқылы ағуда. Алайда қар мен жаңбыр түрінде түскен мол жауын-шашын салдарынан кей жерлерде арықтардан су тасып кеткен. Қазір жағдай тұрақталып келеді.
Су тасқынының алдын алу мақсатында еріген қар суын сору, бұру және инертті материал салынған қаптар төсеу жұмыстары атқарылуда.
Жалпы Бұланды ауданындағы су тасқынына қарсы шараларға 85 адам, 28 инженерлік және су сору техникасы, 34 мотопомпа және 1 жүзу құралы тартылған.
Ақмола облысы әкімдігінде жол-көлік оқиғаларының себептерін анықтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шараларын әзірлеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов төрағалық етті. Сондай-ақ, отырысқа ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті өкілдері қатысты.
Жұмыс тобының отырысына прокуратура, полиция, білім және денсаулық сақтау басқармалары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы өкілдері, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері, прокурорлары мен полиция бөлімдерінің басшылары қатысты. Күн тәртібінде жол-көлік оқиғаларының жиілеу себептері және оларды азайту мақсатында мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шаралар талқыланды.
Отырыс барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары өңір халқының қауіпсіздігі ерекше бақылауда тұрғанын атап өтті.
«Бүгінгі отырыста жол-көлік оқиғаларының себептері мен олардың орын алуына ықпал ететін жағдайларды анықтап, оларды жою бойынша нақты әрі тиімді шараларды әзірлеуіміз қажет», – деді Е. Рамазанов.
Ақмола облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің басшысы Серікжан Мырзалының айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыста жол апаттарының саны 73%-ға артқан. Жарақат алғандар саны 140-тан 280-ге дейін өскен. Оқиғалардың негізгі себебі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы және көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі. Жол-көлік оқиғаларының 158-і жүргізушілердің кінәсінен орын алған, ал 103 жағдай жол сапасының кемшіліктеріне байланысты.
Отырыс қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шараларын күшейту, жүргізуші мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру туралы шешім қабылданды. Барлық мүдделі мекемелердің қатысуымен жол қауіпсіздігін кешенді тексеру әдістемесі енгізілді.
Алдағы уақытта мұндай тексерулер барлық аудандарда тұрақты түрде жүргізілмек. Жол апаттары жиілеген аудандарда жағдайды бақылауға алу үшін облыстық комиссия арнайы тексеру жұмыстарын жүргізетін болады.
Ведомствоның мәліметінше, 17 наурыздан бастап «Астана – Бурабай», «Астана – Павлодар» ақылы тасжолдарында орнатылған аркалардағы аппараттық-бағдарламалық кешендер орташа жылдамдықты тіркеуді бастады. Ақмола облысы бойынша екі аптадан аз уақыт ішінде 3500-ден астам құқықбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 38 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Тіпті сағатына 200 км-ден жоғары жылдамдықпен жүру жағдайлары тіркелген, ал рұқсат етілген шек – 140 км/сағ болатын.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының 2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген экономиканы цифрлық трансформациялауға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту, цифрлық теңге арқылы бюджет қаражатын жұмсаудың қадағалануын және тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды іске асырудың ағымдағы жағдайы мен алдағы жоспарлары қаралды. ҚР Ұлттық банкі төрағасы Тимур Сүлейменов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Асхат Жұмағалидің қатысуымен қаржы экожүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұтынушылар құқығын қорғау, алаяқтық транзакциялармен күресу шаралары талқыланды.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жәленов қаржы инфрақұрылымының негізгі құрамдас бөліктерін – банкаралық төлем карточкалары жүйесін, Open API, Антифрод-орталық, цифрлық теңгені дамыту тәсілдерін ұсынды. Бүгінгі таңда Банк жүйелері арқылы еліміздегі барлық төлем айналымының 90%-ын және цифрлы биометриялық сәйкестендіруге 30 млн-ға жуық сұранысты өңделуде. Антифрод-орталық уақтылы бұғаттаған заңсыз транзакциялар көлемі 2 млрд теңгені құрады, жалпы 36 мыңнан астам оқиға анықталды. Технологиялық платформаға 108 ұйым, оның ішінде барлық екінші деңгейлі банк, ірі төлем ұйымдары мен микро қаржы ұйымдары қосылған. Сондай-ақ биылғы шілде айында екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, QR арқылы банкаралық төлем қызметін іске қосу жоспарланып отыр.
Мемлекет қаражатының жұмсалуын қадағалау мақсатында 2024 жылы іске қосылған цифрлық теңгені қолданатын пилоттық жоба барысы талқыланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали цифрлық теңге жобасы сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім салаларда сынақтан өтіп жатқанын айтты. Бүгінде барлығы 250 млрд-қа жуық цифрлық теңге айналымға енгізілген. Әзірлеушілер әр ақша бірлігіне бірегей цифрлық белгілерді байланыстыруды қарастырады, бұл қаражаттың бөлінуден бастап толық игерілуіне дейінгі барлық кезеңде қолданылуын бақылауға мүмкіндік береді. Аталған әдістің АӨК-тегі тиімділігі Ақмола облысындағы шаруа қожалықтарының қатысуымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысында қаралды. Арнайы бағдарламаланған цифрлық теңге фермерлердің мал басын сатып алуына несие беру кезінде пайдаланылды әрі жалған мәмілелер мүмкіндігін жойып, процестің толық ашық өтуін қамтамасыз етті.
Бекітілген Жол картасы шеңберінде жобаны іске асыру биыл Қарағанды, Павлодар және Атырау облыстарында теміржол және автомобиль жолдарын салу кезінде жалғасады. Айта кету керек, отандық кәсіпкерлер апробацияға өз еркімен қатысады, бұл олардың Open Book қағидаты бойынша бизнесті ашық жүргізуге бейілділігін көрсетеді.
Сонымен қатар цифрлық теңге базасында әкімшілендіру тиімділігін арттыру және ҚҚС қайтару рәсімін жеделдету үшін «Цифрлық ҚҚС» пилоттық жобасы іске қосылды.
Премьер-министр Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының ауқымын одан әрі кеңейтудің, сондай-ақ бюджет қаражатын біршама үнемдеуді қамтамасыз ететін цифрлық теңгені неғұрлым кеңінен пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық теңге арқылы «ақшаны таңбалау және бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау тетігі болуы мүмкін. Жалпы, Ұлттық банк қаржы жүйесін цифрлық трансформациялау бойынша басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ауқымды жұмыс атқаруда. Цифрлық теңгеге келетін болсақ, талқылаудың негізгі тақырыбы ретінде мен сіздердің барлық бастамаларыңызды қолдаймын. Цифрлық теңгені енгізу жаңа технологиялық ахуалды ескере отырып, қаржыландыру үдерістерін оңтайландыруға көмектесетініне назар аудару қажет. Бизнес-үдерістер де өзгеріп, ашық болуы керек. Кәсіпкерлерге қатысты мынадай қағиданы ұстанған жөн: бюджет ақшасымен жұмыс істесеңіз – ашық болыңыз. Оны қайда жұмсайтыныңызды және жеткізушілер мен мердігерлердің толық тізбегін ашып көрсетіңіз. Сондай-ақ цифрлық теңгенің пилоттық жобасын кеңейту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика министрліктері жаңа цифрлық құралдар қолдануды реттейтін заңнамаға түзетулер пысықталып, сондай-ақ электронды ақшаны бағдарламалау әдіснамасы әзірленеді.