Шеберлер мектебі: Жарқайың ауданында қыздарға арналған қолөнер кабинеті ашылды
Жарқайың ауданының оқушылары тігін өнеріне тегін оқытылатын болады. Акпан Үкібаев атындағы орта мектеп базасында қолөнер кабинеті ашылды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарқайың ауданының Ақпан Үкібаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде қыздарға арналған қолөнер кабинеті ашылды. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай жүзеге асырылып отыр.
Жаңа кабинет қыздарға ұлттық қолөнер дағдыларын үйретуге, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және кәсіби шеберліктерін жетілдіруге бағытталған. Мұнда оқушы қыздар тігіншілік, кестелеу, тоқыма және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлерін меңгереді.
«Қолөнер – халқымыздың мәдени мұрасы. Бұл кабинет қыздарға сұлулық пен эстетиканы ғана емес, еңбекқорлықты және кәсіби дағдыларды да үйретеді. Олар өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап, болашақта оны кәсіпке айналдыру мүмкіндігіне ие болады», – деді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Онашбай Бахатгүл.
Кабинеттің ашылуы мектеп оқушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды.
«Мұнда біз түрлі қолөнер түрлерін үйреніп, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырта аламыз. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік», – деп өз әсерімен бөлісті 9 «А» сынып оқушысы Жанерке Орынбай.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Жарқайың ауданында жүзеге асырылған бастама өскелең ұрпақты еңбекқор әрі шебер етіп тәрбиелеуге, сондай-ақ елдегі жұмысшы мамандықтарын насихаттауға өз үлесін қосады.