Жарқайың ауданында су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысқан әскери қызметшілерге алғыс білдірілді

Жарқайың ауданында су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысқан әскери қызметшілерге алғыс білдірілді

Жарқайың ауданында Ақкөл қаласынан келген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің №55209 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілді. Әскери қызметшілер Пригородное ауылында атқарылған алдын алу шараларына белсенді қатысып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.

Жүргізілген жұмыстар барысында ауыл аумағында 12 750-ден астам инертті материалмен толтырылған қап дайындалып, төселді, 750 метрден астам жер үйіндісі нығайтылды, сондай-ақ жер үйіндісін қорғау мақсатында шамамен 750 метр полиэтиленді пленка төселді. Бұл шаралар су тасқыны қаупінің алдын алуға бағытталды.

Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Жарқайың ауданында 20 әскери қызметшіге аудан әкімдігі атынан алғыс білдірілді. Салтанатты рәсімде Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Ербол Мұқашев аудан әкімі атынан сарбаздарға көрсеткен еңбегі, жоғары кәсібилігі және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алғыс хаттар табыс етті.

Өз кезегінде Ақкөл қаласындағы ҚР ТЖМ №55209 әскери бөлімінің командирінің орынбасары, майор Асхат  Қапалбеков көрсетілген қолдау үшін аудан басшылығына және жергілікті тұрғындарға ризашылығын білдіріп, су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында атқарылған бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, қызмет барысында әскери қызметшілердің арасында туған күн иелері де болды. Осыған орай, Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі атынан сарбаздарды туған күндерімен құттықтап, естелік сый ретінде қол сағаттарын табыс етті.

Ауыл тұрғындары да әскери қызметшілерге ризашылықтарын білдіріп, шетте қалған жоқ. Пригородное ауылының тұрғындары сарбаздарды дастарханға шақырып, түскі ас ұйымдастырып, өз алғыстарын білдірді. Бұл – ел қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жүрген әскери қызметшілерге деген ауыл тұрғындарының құрметі мен ризашылығының белгісі.

 

Жарқайың ауданының әкімдігі әскери қызметшілерге ел игілігі жолындағы еңбектері үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, амандық және қызметтеріне табыс тілейді.