Жарқайыңның жас таланттары халықаралық конкурстарға жолдама алды

Жарқайыңның жас таланттары халықаралық конкурстарға жолдама алды

2026 жылғы 7 наурызда Державинск қаласының Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері Қостанай облысынҢ Арқалық қаласынан үлкен жеңіспен оралды. Олар халықаралық байқауларға қатысуға арналған сертификаттарға ие болды. Атап айтқанда, Ташкент қаласында және Грузия елінде өтетін халықаралық конкурстарға жолдама алды.
Арқалық қаласында Халықаралық әйелдер күніне арналған «ӘСЕМ ӘУЕН» атты VII Республикалық байқау өтті. Байқаудың ұйымдастырушысы – «RE SOL STAR» шығармашылық орталығы.
Байқауға біздің жас суретшілер педагог Жүсіпбекова Жанерке Қайратқызының жетекшілігімен өздерінің ең үздік әрі ауқымды жұмыстарын ұсынды. Қыздардың кенепке салынған көркем туындылары қазылар алқасын ерекше таңғалдырды және жоғары бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
Гран-при — Новак Анастасия Валерьевна, Н. Островский атындағы мектептің оқушысы.
Гран-при — Жұмабек Сымбат Серікқызы, А. Үкібаев атындағы мектептің оқушысы.
I орын — Сельцова Екатерина Дмитриевна, Н. Крупская атындағы мектептің оқушысы.
Барлық қатысушылар бірнеше жылдан бері Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында білім алып, 3–4 жылдан астам уақыт бойы бейнелеу өнері үйірмесіне тұрақты түрде қатысып келеді.
Сондай-ақ үйірме жетекшісі Жүсіпбекова Жанерке Қайратқызы «Үздік педагог» грамотасымен марапатталды.
Байқаудың қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мәдениет және өнер саласының қайраткерлері болды.
Талантты қыздарымызды және олардың жетекшісін лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!