Пятигорское ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Пятигорское ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Ақмола облысы Жарқайың ауданының Пятигорское ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.

Медициналық нысанның құрылысы 2024 жылы басталды. Заманауи үлгідегі амбулатория ауыл тұрғындарына уақтылы дәрігерге дейінгі, алғашқы медициналық-санитарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетуге арналған.

Жаңа амбулатория 1800-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Оның ішінде Тасөткел, Үшкарасу, Отрадное, Кенское, Костычево және Донское елді мекендерінің тұрғындары бар. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған, мұнда 3 білікті медицина қызметкері жұмыс істейді.

«Пятигорское ауылында дәрігерлік амбулаторияның ашылуы - ауылдық денсаулық сақтауды дамытудағы маңызды қадам. Бұл нысан ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады», - деді Жарқайың ауданының әкімі Жүсіпбеков Ербол Кәрімұлы.

Жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Нысан құрылысына 430 миллион теңге бағытталды. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым толықтай салынды - электрмен жабдықтау, сумен қамту, кәріз жүйесі және телефонизация.

«Біздің ауыл үшін бұл - көптен күткен маңызды оқиға. Енді медициналық көмек ауылдың өзінде көрсетіледі. Бұл әсіресе қарт адамдар мен балалы отбасылар үшін өте маңызды. Мен Мемлекет басшысына, Ақмола облысының әкіміне және аудан басшылығына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді», - деді Пятигорское ауылының тұрғыны Семкина Валентина Ивановна.

Амбулаторияның ашылуы осы ауылдың ауылшаруашылық өндірушілері тарапынан қолдау тауып, медициналық мекемеге демеушілік көмек көрсетілді.

Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы Жарқайың ауданы үшін маңызды оқиға болып, мемлекет тарапынан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болды.