Жарқайың ауданында «Абай даналығы мен мұрасы» кабинеті ашылды

Жарқайың ауданында «Абай даналығы мен мұрасы» кабинеті ашылды

Жарқайың ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай даналығы мен мұрасы» кабинеті салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шара барысында келген қонақтар аудан қолөнер шеберлерінің көрмесімен, сондай-ақ кітапхананың жалпы қызметімен танысты.

Іс-шараға Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Әбенова Арай Оралтайқызы, А. Үкібаев атындағы орта мектептің 4 «ә» сынып оқушысы Сабит Нұраят Тлектесұлы, сондай-ақ Жарқайың ОКЖ ұйымдастырған өлең оқу байқауларының қатысушысы, Костычев ауылы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы орта білім беретін мектебінің оқушысы Шамғын Ибраһим Ерікұлы қатысып, кабинеттің ашылу лентасын қиды.

Арай Оралтайқызы Әбенова Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков Кәрімұлының атынан қатысушыларды құттықтап, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Ашылған «Абай даналығы мен мұрасы» кабинеті – тек білім алатын орын ғана емес, ұлы тұлғаның рухани мұрасын кеңінен насихаттайтын мәдени-ағартушылық кеңістік. Бұл жоба жас ұрпақтың санасын жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Жобаның мақсаты – аудандық кітапхана базасында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын, философиялық мұрасын терең танып-білуге мүмкіндік беретін ашық мәдени орта қалыптастыру, жастардың әдебиет пен ұлттық руханиятқа деген қызығушылығын арттыру.

Жобаның негізгі міндеттері – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын жүйелі түрде насихаттау және оны кең оқырман қауымға қолжетімді ету. Осы бағытта кабинет қорын Абайға қатысты кітаптармен, ғылыми еңбектермен, мақалалармен және мультимедиялық материалдармен толықтыру көзделеді. Кабинетте оқу, пікір алмасу, кездесу және түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге арналған жайлы әрі мазмұнды кеңістік қалыптастырылады. Сонымен қатар әдеби сағаттар, поэзия кештері, танымдық дәрістер, мәнерлеп оқу байқаулары мен шығармашылық жобалар ұйымдастыру арқылы оқушылар мен жастардың рухани-мәдени деңгейін арттыру жоспарланған. Жоба аясында оқушылар мен мұғалімдерге Абай шығармаларын оқып-үйренуде әдістемелік қолдау көрсетіліп, семинарлар мен тақырыптық талқылаулар өткізіледі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарымен, мәдени мекемелермен және аудан тұрғындарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, қоғамды рухани құндылықтар төңірегінде біріктіру басты міндеттердің бірі болып табылады.

«Абай даналығы мен мұрасы» кабинеті алдағы уақытта аудан тұрғындары үшін рухани-танымдық орталыққа айналады деп күтілуде.