
Ақмола облысының Зеренді ауданында өңірдің барлық деңгейдегі әкімдерінің қатысуымен форум өтті. Іс-шараға 240 әкім қатысты, оның ішінде Жарқайың ауданының әкімдері де бар болды. Форумның негізгі тақырыбы - заманауи жергілікті басқару, өңірлерді дамытудағы жаңа тәсілдер және мемлекеттік саясатты іске асырудағы әкімдердің рөлі болды.
Форум барысында цифрландыру, көктемгі су тасқынына дайындық, егін шаруашылығын цифрландыру, ауыл әкімдерін тікелей сайлау реформасы, аграрлық секторды дамыту, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
«Өңірдің өсіп-өркендеуі ең алдымен ауыл және аудан әкімдерінің белсенді жұмысына байланысты. Күшті мемлекет ауылды дамыту арқылы қалыптасады», - деді Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов.
Жарқайың ауданы биыл 900 мың тонна астық жинап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Аудан келесі жылға егін науқанына толық дайын.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін екі жоба қаржыландырылды: «Сейтгалиев» ЖК - 6,1 млн теңге, шағын диірмен ашты; «Фурзиков» ЖК - 9,8 млн теңге, жиһаз цехын іске қосты. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту бойынша 8 адам екінші траншты алу үшін дайындалуда.
Форум барысында Марат Мұратұлы Жарқайың ауданының еңбегіне оң баға беріп, биылғы көрсеткішті келесі жылы арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ форумда Жарқайың ауданы әкімдері марапатталды: Үшкарасу ауылының әкімі - Мусин Серік Алтынбекұлы әлеуметтік мәселелерді шешудегі белсенді еңбегі үшін Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Отрадный ауылдық округінің әкімі Есентаев Бейбіт Мырзалыұлы ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлыққа ие болды.
Ауыл әкімінің бастамасымен мектеп ғимаратына жөндеу жүргізіліп, жылу жүйесі жаңартылды; хоккей корты орнатылды; Кен ауылында балалар ойын алаңы ашылды; көше жарықтандыру желісі кеңейтілді. Биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 3,2 км жол жөнделді, қоныс аударушыларға тұрғын үй, жұмыс орындары және көтерме төлемдер ұсынылуда. Сонымен қатар, спорттық жарыстарда волейбол, теннис және тоғызқұмалақ бойынша жүлделі орындарға иегері.
«Ауылдың дамуы – халықпен бірге атқарылған еңбектің нәтижесі. Әрбір жобаның жүзеге асуы ауыл өмірінің жақсаруына бағытталған», – деді Есентаев Бейбіт Мырзалыұлы.
Ақмола облысындағы өңір әкімдерінің форумы жергілікті басқаруды жетілдіру, ауылдық аумақтарды дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті. Жарқайың ауданы әкімдерінің еңбегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып отыр.