Ақмола облысында полицейлермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту мәселелері талқыланды

Ақмола облысында полицейлермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту мәселелері талқыланды

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті аумақтық Полиция департаментінің жеке құрамымен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын қарау бойынша онлайн-кездесу өткізді.

Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшылығы кездесуге қатысушыларға полиция органдарының лауазымды тұлғалары мен өңірдің кәсіпкеріне қатысты қылмыстық істер шеңберінде ҚР ҚПК 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынулар бойынша ақпарат жеткізді.

Құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында ішкі істер органдарында қызметкерлердің қызметіне ведомстволық бақылауды күшейту, бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылуын, жеке құрамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы және бюджет заңнамасының нормаларын сақтауын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды сапалы жүргізуді қамтамасыз ету ұсынылды.

Кездесу барысында облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Мұрат Төлеубаев полицейлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы соңғы заңнамалық жаңашылдықтарды түсіндіріп, қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет деңгейін арттыру және құқық қорғау органдары мемлекеттік қызметкерінің оң имиджін қалыптастыру қажеттігін атап айтты.

Спикер атап өткендей, құқықтық тәртіп органдарының қызметінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бірінші кезектегі мәнге ие. Азаматтардың сеніміне ие болу үшін өз жұмысына жауапкершілікпен қарау, өз ісінде сауатты маман болу, көмек сұраған әр адамның мәселелерін «есту» қажет. Сондықтан полиция органдарының басшылығы бұған ерекше назар аударуы керек.