Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бірлесіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сұраныс деңгейіне талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы көрсетілетін 15 неғұрлым сұранысқа ие мемлекеттік қызмет анықталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде халық арасында сауалнама жүргізілді, онда азаматтарды тиісті анықтамаларды алу үшін қандай ұйымдар жолдайтыны және олар бұл мәліметтерді қандай мақсатта сұрататыны нақтыланды.
Сауалнама нәтижелері бойынша азаматтардың шамамен 80%-ы түрлі ұйымдар тарапынан, негізінен жұмысқа орналасу мақсатында келесі анықтамаларды алу үшін жолданатыны анықталды:
- соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама;
- наркологиялық динамикалық бақылауда тұрмайтыны туралы анықтама;
- мұрағаттық анықтамаларды, мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін немесе мұрағаттық үзінділерді беру;
- психикалық денсаулық орталығынан (психиатрия) мәліметтер беру;
- Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталынан анықтамалар;
- жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (тіркелген ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама беру;
- жеке тұлғаның атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар/жоқтығы туралы анықтама беру;
- фтизиопульмонология орталығынан (фтизиатрия) мәліметтер беру;
- банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан 6 ай мерзімге өз еркімен бас тарту;
- несиелік тарихты алу (Бірінші кредиттік бюро);
- емханаға тіркелу;
- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті бойынша тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны жөніндегі есептер туралы мәліметтер;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшы қаражаттарының келіп түсуі және қозғалысы туралы мәліметтер беру;
- жұмыссыз ретінде тіркелу туралы ақпарат беру;
- тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәлімет беру.
Қазіргі уақытта eGov электрондық үкімет порталында үшінші тұлғалар туралы мәліметтерді алу сервисі жұмыс істейді, ол пайдаланушыларға халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жеке бармай-ақ қажетті ақпаратты сұратуға мүмкіндік береді.