Әлеуметтік кодекс салымшының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді

Әлеуметтік кодекс салымшының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 

Әлеуметтік кодекс салымшының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді 

2023 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қатысты бірқатар жаңалықтарды көздейтін ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Олардың бір бөлігі салымшылардың өз активтерін басқару құқығын кеңейтуге қатысты.

Енді салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50% аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Ол үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді, басқарушы компанияны салымшы өз бетінше таңдай алады.

Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар оны ИБП-ға толық көлемде бере алады.

Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін жинақтардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) қарамағындағы бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және олардың табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға аудармас бұрын, нарықтағы басқарушы компаниялардың қолданыстағы тізбесімен танысып, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметтеріне жасалған шолуларды зерделеп, таңдалған жеке компанияның тәжірибесі және жұмыс нәтижелерімен толығырақ танысып, ықтимал тәуекелдерді мұқият ескерген жөн. Сіз олар туралы толық ақпаратпен https://www.enpf.kz/kz/ сайтындағы "Қызметтер" - "Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі" бөлімінде таныса аласыз. МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" - "Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру" бөлімінде қолжетімді.

01.07.2023 жылдан бастап зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару мерзімі қысқарды. ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтаруға өтінішті БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына берген күннен бастап тек 1 жылдан кейін беруге болады (бұрын зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін 2 жылдан кейін ғана өтініш беруге болатын).

Егер зейнетақы жинақтары бір ИПБ-ға бірнеше рет сенімгерлік басқаруға аударылған жағдайда, зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға алғаш берген күннен бастап 1 жылдан кейін ғана жүзеге асырылады.

Бұған дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда, ЖЗШ-дағы МЗЖ, МКЗЖ есебінен қалыптастырылған, ИПБ сенімгерлік басқаруына беруге қолжетімді зейнетақы жинақтарының мөлшері атына ЖЗШ ашылған жеке тұлғаның ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтары сомасының 100% мөлшерінде өзгеріссіз қалады.

Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару, сондай-ақ жинақтарды Ұлттық банктің басқаруына қайтару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі қажет. Оны БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинет арқылы не БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне өзі жүгінген кезде беруге болады.

МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға аудару бойынша барлық қажетті ақпарат пен қадамдық нұсқаулық www.enpf.kz сайтындағы "Қызметтер" - "Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін сенімгерлік басқаруға аудару" бөліміне орналастырылған.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).