2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады

2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады

2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Өтінімді әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар Business.enbek.kz порталы арқылы бере алады.

Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 1 730 000 теңгені құрайды. Бұл мемлекеттік қолдау қайтарымсыз негізде ұсынылып, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа табыс көздерін қалыптастыруға және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Грант бір реттік төлем ретінде беріледі және оны тек бір рет алуға болады.

Байқауға тіркелген жұмыссыз азаматтар, сондай-ақ тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Міндетті талаптардың бірі – өтінім берерден бұрын соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып аяқтағаны туралы сертификаттың болуы.

Сонымен қатар үміткер төмендегі санаттардың біріне жатуы тиіс:

мүгедектігі бар адамдар;
қандастар;
өңіраралық қоныс аударушылар;
атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылар және олардың жұбайлары;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар және олардың жұбайлары;
асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар.

Қатысу үшін Business.enbek.kz порталы арқылы тіркеліп, өтінімді толтыру, бизнес-жоспарды қоса тіркеу және құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қою қажет.

Үміткерлерді іріктеуді конкурстық комиссиялар ұсынылған бизнес-жобалар негізінде жүргізеді. Сарапшылар бизнес-идеяның өміршеңдігі мен даму әлеуетін, жобаның қаржылық негізділігін және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігін бағалайды.

Грант қаражатын мына мақсаттарға жұмсауға болады:

құрал-жабдықтар мен мүкәммал сатып алу;
ауыл шаруашылығы жануарларын, құс сатып алу;
көшеттер, тұқымдар және рассада алу;
кәсіп жүргізуге арналған ғимараттарды жалға алу.

Сонымен қатар грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға пайдалануға тыйым салынады. Атап айтқанда, оны:

несие мен қарыздарды өтеуге;
тұрғын үй сатып алуға немесе салуға;
жер телімдерін сатып алуға;
шетел валютасын, бағалы қағаздарды және цифрлық активтерді сатып алуға;
акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға болмайды.

Бірінші кезең аясында еліміздің барлық өңірлерінде 3 764 грант беру жоспарланған. Алайда бұл бағдарлама Ақтөбе облысы мен Қызылорда облысы өңірлерін қамтымайды.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 8 шілдеге дейін жалғасады.