
Зеренді ауданының Бәйтерек ауылдық округінде тұрғындардың 60 пайыздан астамы сайлау учаскелеріне келіп, округтің жаңа әкімін таңдауға қатысты.
— Бүгін біз, Байтерек ауылдық округінің тұрғындары үшін ерекше күн. Біз округ әкімі лауазымына ұсынылған үш үміткердің арасынан лайықтысын саналы түрде, ойланып таңдадық. Бұл өте маңызды, себебі таңдауымыз түскен тұлғамен бірге округімізді одан әрі дамытып, қордаланған мәселелерді шешіп, болашағымызды бірге құрамыз. Сондықтан дауыс беруге көтеріңкі көңіл-күймен бардық. Мысалы, біздің ұжым толық құрамда барып, өз таңдауын жасады, — деді Красный Кордон орта мектебінің директоры Наталья Соболева.
Округте электоралдық науқан жоғары деңгейде, тұрғындардың белсенді қатысуымен және жағымды көңіл-күйде өтті. «Біз өз ертеңіміз үшін, ауылдарымыздың болашағы үшін дауыс бердік, сондықтан бұл науқанға барынша жауапкершілікпен қарадық», — деп атап өтті сайлаушылар.
Сағат 20.00-де барлық үш сайлау учаскесінің есігі жабылып, комиссия мүшелері әрбір кандидатқа берілген дауыстарды санауға кірісті.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алмат Балтагариннің айтуынша, учаскелік комиссиялардың жұмысы дауыс беру күнін өткізу жөніндегі бекітілген алгоритмге сәйкес нақты әрі ұйымдасқан түрде жүргізілді.