Зеренді ауданында Ауыл шаруашылығы, тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға 150-ден астам адам — аграрлық сала еңбеккерлері, сала ардагерлері, шаруашылық басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Бұл – күнделікті еңбегімен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аграрлық сектордың тұрақтылығы мен өңір экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жандардың мерекесі.
Іс-шара барысында аудан әкімі Асет Құрманғожин құттықтау сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің Зеренді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ олардың жанқиярлық еңбегі мен жоғары кәсібилігі агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсуіне берік негіз болатынын жеткізді.
«Аграрлық сектор аудан экономикасында ерекше орын алады және негізгі салалардың бірі болып қала береді. Биылғы егін жинау науқаны белгіленген мерзімде өткізіліп, сәтті аяқталды. Егіс алқабы 311 мың гектардан асты, орташа өнімділік гектарына 23 центнерді құрап, 500 мың тоннадан астам астық жиналды. Негізгі дақылдар — бидай, арпа, сұлы, жасымық және бұршақ. Майлы дақылдар шамамен 87 мың гектар жерге егілді, жалпы өнім көлемі 80 мың тоннадан асты», — деп атап өтті аудан әкімі.
Сондай-ақ іс-шара барысында үздік нәтижелерге қол жеткізген шаруашылықтар да аталып өтті. Олардың қатарында «KazGrainFeeders» ЖШС, «Төлебаев» шаруа қожалығы және «Victorovskoye GCK» ЖШС бар. Бұл кәсіпорындар жоғары өнімділік көрсетіп, егіс алқаптарын тиімді игеруде үздік нәтижелерге қол жеткізді. Аталған жетістіктер Зеренді ауданының аграрлық әлеуетінің тұрақты дамуын айқындай түседі.
Мереке аясында сала үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, аграрлық саланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары, төсбелгілер, мерейтойлық медальдар, сондай-ақ ақшалай сыйақылар табысталды. Әсіресе механизаторлар, агрономдар, малшылар, комбайншылар, сауыншылар, жүргізушілер, аспаздар және өзге де ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегі ерекше аталды.
Мерекелік кеш ауданның өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі әрі салтанатты көңіл күй сыйлады.
Аудан әкімдігі аграрлық сала қызметкерлеріне тынымсыз еңбегі, кәсібилігі мен туған жерге деген адалдығы үшін шынайы алғысын білдіріп, зор денсаулық, отбасы амандығын және өңір игілігі жолындағы жаңа жетістіктер тіледі.