
Степногорск қаласында Халыққа қызмет көрсету бөлімінің жаңа ғимараты ашылды
Ақмола облысының Степногорск қаласында жаңа Халыққа қызмет көрсету бөлімі жұмысын бастады.
2025 жылғы 27 қарашада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Степногорск қаласындағы жаңа, заманауи ғимаратқа көшкен Халыққа қызмет көрсету бөлімінде болды.
Ұйым жуырда кең әрі заманауи әкімшілік ғимаратқа көшіп, мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған жаңартылған жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жаңа орталықта күн сайын шамамен 300 адамға қызмет көрсетіледі, бұл көрсетілетін қызметтердің қолайлылығын едәуір арттырады.
Бұрын ұйым ауданы шектеулі жалдамалы ғимаратта орналасқан еді. Қазіргі орталықта халықтың барлық санаты үшін қолайлы жағдай жасалған, ерекше қажеттіліктері бар жандарға да айрықша көңіл бөлінген. Сондай-ақ осы ғимаратта АХАТ бөлімінің мамандары жұмыс істейді, ал жас жұбайларға арналған салтанат залы қарастырылған.
Степногорск тұрғындары залдың кеңдігі мен ыңғайлы жоспарлануын, автотұрақтың жеткілікті болуын атап өтті. Сонымен қатар олар нысанның қолжетімділігін және қызмет көрсету сапасының айтарлықтай жақсарғанын оң бағалады.
Өңір басшысы тұрғындармен және орталық ұжымымен әңгіме барысында азаматтардың мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы жағдайда алуына жағдай жасау облыс басшылығы жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.