
Зеренді ауданында қуаттылығы тәулігіне 500 тонна құрама жем зауыты салынуда
Қарағай станциясында заманауи құрамажем зауытын салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның бастамашысы – «ХПП Карагай » ЖШС.
Компания мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының 70%-ы аяқталған. Қазіргі уақытта нысанда технологиялық жабдықтарды орнату жүргізілуде. Өндірісті іске қосу 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Болашақ зауыт «ХПП Карагай» ЖШС-нің құрылымдық бөлімшесі болады және құрама жем (жемдік ұн) өндіруге маманданбақ. Кәсіпорынның жобалық қуаты – тәулігіне 500 тонна өнім. Өнім жергілікті мал бордақылау алаңдарына, сүт фермаларына, сондай-ақ экспортқа жеткізіледі.
«Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны – 1,08 млрд теңге. Зауыттың іске қосылуы өңір шаруашылықтарының жем-шөп базасын нығайтып, жергілікті мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», – деді кәсіпорын өкілі.
Құрылыс жұмыс істеп тұрған астық қабылдау кәсіпорны аумағында жүргізілуде. «ХПП Карагай» ЖШС-і жалпы сыйымдылығы 34 000 тоннаны құрайтын астық, зығыр, рапс және күнбағыс дақылдарын қабылдау және сақтау қуаттарына ие, сондай-ақ өнімділігі сағатына 132 тонна болатын үш астық кептіргіші бар. Бұл жаңа өндірісті тиімді интеграциялауға мүмкіндік береді.
«Жобаның жүзеге асырылуы аудандағы қайта өңдеу секторын нығайтып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сапалы жеммен қамтамасыз ету деңгейін арттырады. Бұл Зеренді ауданының агроөнеркәсіптік әлеуетін дамытуға ғана емес, жалпы Ақмола облысының АӨК-ын күшейтуге қосылған маңызды үлес», – деді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Асхат Ахмедьянов.