
2024 жылғы 6 шілдеде Көкшетау – Петропавл трассасынан Гранитное ауылына баратын кіреберіс автожолда жүк көліктерінің жүруін шектеу үшін арка орнатылды. Бұл шешім аталған автожол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарының жоспарлануына байланысты қабылданды. Барлық конкурстық рәсімдер өткізіп, «Көкшетау Жолдары» ЖШС-мен 899,3 млн теңге сомасына шарт жасалды.
Айта кету керек, бұл шектеу тек ауыр жүк көліктеріне қатысты, ал жеңіл және басқа да көлік құралдары үшін жол ашық күйінде қалады.
Алдағы жөндеу жұмыстарына байланысты биылғы жылдың мамыр айында барлық жер қойнауын пайдаланушыларға («Артисан» ЖШС, «Көкшетау автодор» ЖШС, «РемАлСтрой» ЖШС, «Көкшетау Жолдары» ЖШС) Зеренді ауданының ТКШ, ЖК, КҚ және АЖ бөлімі тарапынан 1 шілдеге дейін балама маршруттарды қарастыру қажеттігі туралы хабарламалар берілді.
Жүк тасымалдарын Васильковка және Гранитное елді мекендерін айналып өтетін технологиялық айналма жолдармен немесе балама маршруттармен жүзеге асыру талабы Ақмола облысы «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында жасалған қосымша келісімде де бекітілді.
Қазіргі уақытта бұл жол учаскесіндегі қозғалыс жол полициясы қызметі тарапынан реттелуде.